Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында 28-29 қазан күндері «MasterSkills-2026» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ауқымды шара еліміздің түкпір түкпірінен жиналған білікті педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлерінің басын қосты. Іс-шараны Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырды. Байқаудың әдістемелік, ақпараттық және техникалық сүйемелдеуін Алматы мемлекеттік бизнес колледжі «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен бірлесіп қамтамасыз етті.
Байқаудың басты мақсаты – талантты әрі шығармашыл педагогтерді қолдау, олардың кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, озық тәжірибелерді тарату және педагог мамандығының беделін арттыру.
Байқауға Қазақстанның 14 өңірінен арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысты. Қатысушылардың барлығы өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары атанып, педагогикалық еңбек өтілі кемінде үш жылды құрады.
Байқау бағдарламасы төрт практикалық кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, қатысушылар дәстүрлі француз багетін, жапонның сүтті наны – шокупанды, классикалық круассанды әзірлеп, сондай-ақ «Флора мен фауна» тақырыбында сәндік арт-бұйым жасау бойынша шеберліктерін көрсетті.
Қатысушылардан нан өнімдерін дайындаудың классикалық технологияларын жетік меңгеру ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілет, технологиялық үдерістерді дәл сақтау, өнімдерді көркем безендіру дағдылары талап етілді.
Екі күнге созылған байқау барысында қатысушылар кәсіби біліктілігін, шығармашылық әлеуетін және үнемі ізденіске ұмтылысын танытты. Қазылар алқасы жұмыстарды орындау сапасы, технологиялық талаптардың сақталуы және шығармашылық ерекшелігі бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен алтын медаль Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің өкілі Алексеев Андрей Александровичке бұйырды.
Күміс жүлдені Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің өндірістік оқыту шебері Диханова Әйгерім Нарикқызы мен Маңғыстау туризм колледжінің өкілі Есен Елдана Ерболатқызы иеленді.
Ал қола медаль Астана қаласындағы Технологиялық колледждің өкілі Үйсімбаева Гүлжазира Құлыбайқызы мен Семей қаласындағы Технологиялық колледждің өкілі Жусупова Ольга Владимировнаға табысталды. Байқаудың өзге қатысушыларына арнайы сертификаттар берілді.
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің ұжымы үшін Диханова Әйгерім Нарикқызының жетістігі ерекше қуаныш болды. Ол республикалық деңгейде оқу орнының намысын абыроймен қорғап, жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл – колледж педагогтерінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің, табанды еңбегі мен ізденісінің айқын көрінісі.
«MasterSkills-2026» байқауы кәсіби тәжірибе алмасуға, заманауи технологияларды таныстыруға және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Байқау педагог шеберлігінің тек білім мен практикалық дағдыларды үйретумен шектелмейтінін, сонымен қатар білім алушыларды шабыттандыру, олардың шығармашылық әлеуетін ашу және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау қабілетімен өлшенетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мұндай кәсіби іс-шараларды ұйымдастыру кәсіби білім беру сапасын арттыруға, оқыту үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізуге және еліміздің білікті кадрлық әлеуетін дамытуға зор үлес қосады.
Байқау жеңімпаздары мен барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймыз! Кәсіби жетістіктеріңіз артып, шығармашылық шабыттарыңыз сарқылмасын! Болашақ мамандарды даярлау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!