Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Көпшілік кітапхана қызметімен, арнайы басылымдармен және көру қабілеті нашар оқырманға арналған кітап оқу тәсілдерімен танысты.
Іс-шараға жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, оқытушылары, кітапханашылар, мәдениет саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Бұдан бөлек, кітапхананың ақпараттық ресурстары таныстырылып, мәтінді Брайль қарпіне түсіру жолдары көрсетілді. Сондай-ақ аудиокітаптарды дайындау және басып шығару ерекшеліктері түсіндірілді.
Бағдарлама аясында «Ерекше жандарға ерекше кітаптар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көпшілік оңалту кабинетінің жұмысымен танысып, ақпаратты сипап сезу арқылы қабылдауға негізделген «Саусақ ұшындағы әлем» интерактивті ойынына қатысты.
Сонымен қатар «Желтоқсан жаңғырығы» деректі фильмі тифлотүсініктеме арқылы көрсетілді. Кітапхана мамандарына библиографиялық көрсеткіштер құрастыру бойынша тәжірибелік сабақ өткізілді.
Ашық есік күні арнайы кітапханалардың қызметін кеңінен насихаттауға, көру қабілеті нашар азаматтардың кітап оқуға және мәдени өмірге араласуына қолайлы жағдай жасауға бағытталды.