Сот шешімімен 3 азаматқа ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегін анықтады. Таралған бейнежазбаны зерделеу нәтижесінде заңсыз кортежге қатысқан 8 жүргізушінің жеке басы нақтыланды.
Тексеру барысында жүргізушілердің жолда қауіпті маневрлер жасап, өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіргені белгілі болды.
Құқық бұзушылардың барлығы – Қызылорда қаласының 20–25 жас аралығындағы тұрғындары. Оларға маневр жасау қағидаларын бұзу, авариялық жағдай туғызу және жол қозғалысы талаптарын сақтамау деректері бойынша әкімшілік шаралар қолданылды.
Сонымен қатар сот шешімімен 3 азаматқа ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда өзара сыйластық пен жауапкершілік танытуға шақырады. Жол қауіпсіздігі – әрбір қозғалысқа қатысушының ортақ жауапкершілігі.