Мұндай ресурстарды анықтау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Соңғы екі жылда Алматыда қаржы пирамидасын құрып, оларға басшылық еткендерге байланысты 20 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Тергеліп жатқан істердің аясында жалпы сомасы 8 млрд теңгеден асатын мүлікке, ақша мен цифрлық активтерге тыйым салынды. Сонымен қатар алаяқтық инвестициялық схеманың белгісі бар 2 мыңнан астам интернет-сілтемені тағы бұғаттады. Қазір қаржы пирамидасы қалай жұмыс істейтіні, қандай бизнес түрінің атын жамылатыны және азаматтар өз жинағынан айырылып қалмас үшін нені білуі керектігі туралы Алматы қаласындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының басшысы Дилар Кугабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтып берді.
Спикердің айтуынша, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің негізгі міндетінің бірі –азаматтарды күмәнді жобаларға жаппай тарту басталғанға дейін қаржы пирамидаларын ертерек анықтау. Бұл ретте алаяқтар әлеуетті салымшыларды сайт, әлеуметтік желі мен жарнамалық хабарландыру арқылы белсенді түрде тартатын интернет кеңістігіне көп көңіл бөлінеді.
Мұндай ресурстарды анықтау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі қолданылады. Оның көмегімен Департамент қаржы пирамидасының белгісі бар интернет-сайттарды, әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен жарнамалық материалдарды қоса алғанда, 2 мыңнан астам сілтемені бұғаттауға жолдаған.
«Жоғары табыс табамын деген үмітпен адамдар кейде бар мүлкін тігіп жатады: жалғыз баспанасын, көлігін сатады, банктен несие рәсімдейді, ірі көлемде қарыз алады. Осы қаражаттың барлығын тез байып кетуге болады деген сеніммен күмәнді жобаларға салады. Алайда біраз уақыттан кейін уәде етілген табыстың жалған екені, ал жобаны ұйымдастырушылар төлемді тоқтатып, салымшылардың ақшасымен ізін суытқаны белгілі болады. Нәтижесінде азаматтар жинаған қаражатынан айырылып қана қоймай, көбіне миллиондаған теңге қарызға да батады», – деді Дилар Кугабаев.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілінің мәліметінше, соңғы екі жылда Алматыда қаржы пирамидаларын құрып, оған басшылық етуге байланысты 18 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Осы істерді тергеу аясында 8 млрд теңгеден астам сомаға әртүрлі активтерге тыйым салынған. Олардың қатарында ақша мен мүліктен бөлек цифрлық активтер де бар.
Қазіргі заманғы қаржы пирамидаларының сыртқы көрінісі бұрынғыдай ашық алаяқтық ұйымдарға ұқсамайды. Тартымды табыс туралы ұсыныстың артында көбіне алғашқы қатысушыларға төленетін қаражат жаңа салымшылардың есебінен қалыптасатын схемалар жасырынып жатады.
«Қазіргі қаржы пирамидалары азаматтарды тарту тәсілін үнемі жетілдіріп, заңсыз әрекетін заңды инвестициялық жоба ретінде көрсетеді. Бүгінде олар желілік маркетинг, тұтыну кооперативтері, инвестициялық платформалар, криптовалюта жобалары мен кәсіпкерлік қызметтің басқа да түрінің атын жамылып жұмыс істеуі мүмкін. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру керек», – деп атап өтті жедел басқарма басшысы.
Маман ықтимал қауіпті инвестициялық жобаларды анықтауға көмектесетін алты негізгі белгіні атады.
Бірінші әрі ең көп таралған белгі – ешқандай тәуекелсіз жоғары әрі кепілдендірілген табыс уәде ету. Егер компания салымдардың мүлдем қауіпсіз екеніне сендіріп, ай сайын ондаған пайыз немесе жылдық жүздеген пайыз пайда ұсынса, бұл – сақ болуға негіз болатын маңызды белгі.
Екінші белгі – жаңа қатысушыларды үнемі тарту қажеттілігі. Ұйымдастырушылар туыстарды, достар мен әріптестерді шақыруды ұсынып, әр жаңа адамға сыйақы беруге уәде етеді. Алайда төлемді компанияның нақты табысынан емес, кейіннен қосылғандардың ақшасынан беруі мүмкін.
Үшінші күмәнді белгі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі агрессивті жарнама. Пайдаланушыларға қаржылық тәуелсіздік, жоғары пассивті табыс және шетелдік инвестициялық жобалар арқылы ақша табуды ұсынады. Бұл ретте ұйым өкілдерімен байланыс көбіне интернеттегі хат алмасумен ғана шектеліп, жеке кездеспейді, компния туралы сенімді ақпарат берілмейді.
Төртінші белгі – қажетті лицензиялар мен ұйым туралы ашық ақпараттың болмауы. Компания жақында ғана тіркеліп, Қазақстанда ресми тіркеуден мүлдем өтпеуі де мүмкін. Сонымен қатар заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің болуы ұйымның инвестиция тартуға немесе қаржылық қызмет көрсетуге құқығы бар екенін білдірмейді.
Тағы бір белгі – толыққанды келісімшарттың болмауы. Ақша ешқандай құжатсыз қабылдануы немесе компанияның нақты міндеттемесі, қаражатты қайтару шарты мен тараптың жауапкершілігі көрсетілмеген келісімге қол қоюды ұсынуы мүмкін.
Алтыншы қауіпті белгі – ақша қабылдау тәсілдерінің ашық болмауы. Әлеуетті салымшыларға қаражатты жеке тұлғалардың банк шоттарына аудару, қолма-қол беру немесе операцияның заңдылығын растайтын құжаттарсыз криптовалюта түрінде жіберу ұсынылады.
Дилар Кугабаев кез келген инвестиция салмас бұрын компания туралы ақпаратты өз бетінше тексеріп, тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын анықтап, келісімшартты мұқият зерделеп, уәде етілген табыстың нақты қайдан қалыптасатынын білу қажеттігін атап өтті. Тек интернеттегі оң пікірлерге, жарнамаға немесе таныстардың ұсынысына ғана сүйенуге болмайды.
«Егер сізге ешқандай күш жұмсамай-ақ ай сайын ондаған пайыз немесе жылдық жүздеген пайыз табыс табуға уәде берсе, бұл – сақ болуға негіз болатын маңызды белгі. Кез келген инвестициялық қызметтің белгілі бір тәуекелі бар екенін түсіну қажет. Аса жоғары табысқа кепілдік беру – әлеуетті салымшыларды тартудың негізгі тәсілінің бірі. Есіңізде болсын: тез әрі кепілді түрде баю туралы уәде барлық жинағыңыздан айырылуға әкелуі мүмкін», – деп ескертті спикер.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидасының қызметіне тап болған азаматтардан құқық қорғау органдарына дереу хабарласуды сұрайды.
Алматы қаласындағы Департаменттің мекенжайы: Жібек жолы даңғылы, 127. Сенім телефоны: 279-29-56. Сондай-ақ күмәнді инвестициялық жобалар туралы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары арқылы хабарлауға болады.
Дилар Кугабаев атап өткендей, ведомствоның басты міндеті – қаржы пирамидаларының қызметін анықтап, жолын кесу ғана емес, ең алдымен азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауының алдын алу, олардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау.