Президент табиғаттың тосын мінезінен туындаған биылғы су тасқынын бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат деп атап, жауапты сәтте барша азаматты қиын жағдайда қалған халыққа қол ұшын созуға шақырды. Мемлекет басшысының сын сағатта халқымызға жасаған үндеуі «Ауыл» партиясы өкілдері тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Президент табиғаттың тосын мінезінен туындаған биылғы су тасқынын бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат деп атап, жауапты сәтте барша азаматты қиын жағдайда қалған халыққа қол ұшын созуға шақырды. Мемлекет басшысының сын сағатта халқымызға жасаған үндеуі «Ауыл» партиясы өкілдері тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Мыңдаған партияласымыз апат басталған күннен төтенше жағдайдың бел ортасында жүр. Зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету бойынша жедел штаб құрып, атқаратын іс-шара жоспарын пысықтады. Партия төрағасы Серік Егізбаев ақпараттық және әлеуметтік желілердегі өз ресурстары арқылы үндеу жариялап, ел басына күн туған шақта мыңдаған партияласымызды маңызды іске жұмылдыра білді.
Партия белсенділері бүгінге дейін тасқын судан зардап шеккен 211 ауылдық округ пен 5 қала орталығында апаттың алдын алу жұмыстарына тартылды. Ақтөбе, БҚО, Атырау, Қостанай, Ақмола облысының табиғи апат құрсауында қалған елді мекендеріне тонналаған гуманитарлық көмек жолдады. Парламент Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары, Орталық аппарат пен филиалдарының қызметкерлері, партия белсенділері тасқын судан зардап шеккен халыққа көмек қолын созу мақсатында өздерінің бір күндік жалақыларын аударды. Депутаттар тілсіз жау залал келтірген ауылдардың тұрғындарымен, шаруа қожалықтары иелерімен кездесіп, оларға жергілікті филиалдар деңгейінде көмек ұйымдастыру үшін қарғын су құрсауында қалған облыстарға арнайы сапарға шықты.
Өңірлік филиалдардың 900-ден аса белсенді мүшесі мен Жастар қанатының 1 500 белсендісі апаттың алдын алуға арналған іс-шараларға қатысып жатыр. Сонымен қатар партия қатарындағы кәсіпкерлер мен фермерлер бөлген 76 ауыр техника Атырау, БҚО, СҚО, Қостанай, Ақмола облысы аймақтарындағы ауылдарда табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына тартылды.
Бұл жерде Жастар қанатының жұмысына тоқталмай кету мүмкін емес. Олар Атырау облысында Жамбыл облыстық филиалы жинап, жөнелткен 30 тонна гуманитарлық көмекті мұқтаж жандарға таратып, Құрманғазы ауданында зардап шеккендерге арнап 14 қанатты киіз үй тікті. Батыс Қазақстан облысында Шымкент қаласындағы филиал жинап, жөнелткен 2 жүк машинасындағы гуманитарлық көмекті қабылдап алып, оны жергілікті органдардың тізімі бойынша зардап шеккен тұрғындарға таратты. Екі облыста да бөгеттер тұрғызу үшін қаптарға құм толтырумен айналысты. «Біз – біргеміз!» акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысына 210 су сорғыш агрегаты мен электргенераторларды Астана әуежайынан ұшаққа артуға қатысты. Солтүстік Қазақстанға қосымша 15 тонна ауызсу мен 60 тонна азық-түлік жинап жіберді. Қазір аталған аймақта 80-ге жуық партия волонтері әлеуметтік маңызы бар нысандарға, алыс ауыл-қыстақтарға көмек көрсетіп жүр.
«Ауыл» партиясы тасқынның алдын алу және қарғын судан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетумен қатар, тасқыннан келген залалды жүйелі негізде бағалайтын комиссиялар жұмысына да белсенді атсалысып жатыр. Ауыл мәселелерін жақсы білетін партия мүшелері, мәслихат депутаттары ел аумағында құрылған 16 комиссияның құрамына енді.
Азаматтарымыздың дәл осындай бірлігі мен бір-біріне деген қамқорлығы, табиғи апаттан жапа шеккен жандарға деген жанашырлығы көңілге үміт, жүректерге жылылық сыйлайтын жайт. Келтірілген зиянның орнын толтыру да халқымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әрекет етуін қажет етеді. Сол себепті де «Ауыл» партиясы төрағасының бастамасымен су басқан үй-жайларды қалпына келтіру үшін Жастардың құрылыс отрядтарын құру ұсынылды. Ел көлемінде мұндай ауқымды бастаманы жүзеге асыру үшін барлық жас ұйымдары мен жоғары оқу орындарының басшылары қазірден бастап ұйымдастыру жұмыстарын қолға алса игі. Мұндай игі іс қиындыққа тап болған отандастарымыз үшін нақты көмек, өскелең жастарымыз үшін өмірлік тәжірибе әрі өнегесі мол бастама болмақ.