Осы мақсатта жобалық команда құрылды.
Қазақстандық мамандар барлық жол жобаларына халықаралық стандарттарды енгізу жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Бұл ретте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінде барлық жол жобаларына халықаралық стандарттарды енгізу жұмысы жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта ҚМ және ҰЭМ өкілдерімен жобалық команда құрылды. Жұмыс тобы қолданыстағы бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс»,- делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға автожол саласына FIDIC халықаралық қағидаттарын енгізу қажеттігін атап өтті.
«Бұл жүйе жол саласын тиімді басқаруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдаланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек», - деп жеткізді Президент.
Халықаралық жобаларды іске асырумен айналысатын мамандар, халықаралық банк қызметкерлері мен заңгерлер үшін FIDIC ұғымы күнделікті жұмыстың құралы болып табылады. Алайда, FIDIC аббревиатурасының мағынасын жете түсінетін мамандар әлі де тапшылық.
Осыған орай «Балқаш-Бурылбайтал» автожолы учаскесі жобасының жетекшісі Пак Чун Сун мырзамен әңгімелестік. Оның айтуынша, FIDIC аясындағы келісімшарттар халықаралық қаржы институттары тарапынан жобаларды қаржыландыруда қолданылады. Мысалы, Дүниежүзілік, Азиялық немесе Еуропалық банктері.
«FIDIC-те тараптардың келісім-шарттар бойынша өзара қарым-қатынастары егжей-тегжейлі көрсетілген. Талап пайда болған жағдайда қандай шара қолдану керектігі жіті айтылған. Тәуекелдер мен сыйақыларды әділ үлестіру бүге-шүгесіне дейін жазылған, әрбір тармақ ескерілген», - деп жеткізді Пак Чун Сун.
Айта кетерлігі, Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы немесе қысқаша FIDIC 1913 жылы құрылған болатын. Бүгінгі таңда жаһандық орган әлемнің 100-ден астам елінде бар. Өз қызметтерін бір миллионнан астам инженерлік маман мен 40 мыңға жуық фирма ұсынуда.
Сондай-ақ, Пак мырза халықаралық тәжірибемен бөлісті: «Кореяда инженер-консультанттар қауымдастығы FIDIC бойынша арнайы білім беру бағдарламаларын дайындайды. Әдетте инженерлік компаниялар жұмыс берушілер мамандарды оқытуға ақы төлейді. Бағдарлама үш айға созылады, содан кейін сертификаттар мен дипломдар беріледі. Бірақ FIDIC-ке өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендіктен, сіз үнемі оқып, біліміңізді жаңартып, жетілдіріп отыруыңыз керек».
Бүгінгі таңда FIDIC келісімшарттары бойынша Қазақстанда бірқатар автожол жобалары іске асырылуда. Атап айтса, «Балқаш - Бурылбайтал - Күрті - Қапшағай», «Қандыағаш - Мақат» және «Атырау –Астрахань - РФ шекарасы» жобалары.
Бұл ретте ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінде барлық жол жобаларына халықаралық стандарттарды енгізу жұмысы жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта ҚМ және ҰЭМ өкілдерімен жобалық команда құрылды. Жұмыс тобы қолданыстағы бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс.