Алматы қаласының басшылығы тұрғындардың өтінішін жедел қарауға және оларды толғандырған мәселелер бойынша түсініктеме беру үшін азаматтарды жеке қабылдау жұмыстарын жалғастырып келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Осы аптада Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов 20-дан астам қала тұрғынының өтінішін қарады. Көтерілген сауалдар жер қатынасына, құрылысты заңдастыруға, қала құрылысы бақылауына және басқа да салаларға қатысты болды.
Мәселен, тұрғындардың бірі бау-бақшаға арналған жер теліміне тұрғын үй салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) алу жөнінде көмек сұрады.
Қабылдау кезінде өтініш иесіне жер телімі еңіс бұрышы 15 градустан асатын аумақта орналасқаны түсіндірілді. Қолданыстағы құрылыс қағидаларына сәйкес, тау бөктері белдеуінде, еңіс бұрышы 15 градус және одан жоғары учаскелерде ғимарат салуға рұқсат етілмейді.
Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама талаптары мен жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың құзыреті аясында жеке қаралады. Түрлі қызметтер мен басқармалардың өзара іс-қимылын қажет ететін мәселелерге ерекше назар аударылады.
Жеке қабылдау тұрғындарға өздерін толғандырған мәселелер бойынша түсініктеме алып, оларды шешу жолдарын нақтылауға мүмкіндік береді. Түскен өтініштердің қаралу барысы тиісті қызметтердің бақылауында.