Өңірлік коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік қызметтер департаменті Мемлекеттік қызметтер басқармасының мемлекеттік қызметтерді дамыту мен сапасын бақылау бөлімінің басшысы Алиса Қайнарбаева осы туралы толығырақ баяндады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биылғы 1 қаңтардан бастап жаңа салық кодексі мен заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезінде салық міндеттемесін орындау тәртібін реттейтін арнаулы ережелер күшіне енді. Жаңа норма заңды тұлғаларды біріктіру, қосу, бөлу мен бөліп шығару рәсімін қамтиды.
Оның айтуынша, қайта ұйымдастыру аясында заңды тұлға қабылданған шешім туралы үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік кірістер органына хабарлап, салық есептілігін, сондай-ақ өткізу актісін немесе бөлу балансы мен қажетті құжаттарды ұсынуға міндетті.
Заңды тұлғаларды біріктіру немесе қосу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде заңнамада салық міндеттемесін орындаудың екі тетігі қарастырылған. Біріншісі — салыққа кешенді тексеру жүргізу арқылы. Екіншісі — белгіленген талап сақталған жағдайда, оның ішінде елеулі салық берешегінің, электрондық шот-фактуралар бойынша шектеу мен банкроттық рәсімдерінің болмауы кезінде камералдық бақылау арқылы жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асады.
Спикердің айтуынша, жеңілдетілген тәртіп елеулі салық берешегі, электрондық шот-фактураларға қатысты шектеулер мен банкроттық рәсімдері болмаған жағдайда қолданылады.
Тексеру немесе камералдық бақылау қорытындысы бойынша өткізу актілері мен бөлу баланстары бекітіледі, артық төленген салық сомасын есепке жатқызу немесе қайтару, сондай-ақ құқық мирасқорларына дербес шоттардағы қалдықтарды беру жүргізіледі.
Бұл ретте құжаттарды қабылдаудан бас тарту заңнамада қарастырылған жағдайда ғана мүмкін. Олардың қатарында салық берешегінің болуы, орындалмаған хабарламалар, сондай-ақ банкроттық және тарату рәсімі бар.
«Заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі салық міндеттемесін орындау рәсімі ашықтықты, бюджетпен есеп айырысудың толықтығын және салық міндеттемесі бойынша құқық мирасқорлығының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған», - деп атап өтті Алиса Қайнарбаева.