Табиғатты бақылау жұмыстары кезінде мамандар жыртқыш құстың өмірінен ерекше сәтті бейнекамераға түсіріп алды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығында орнатылған фототұзаққа бүркіт түсіп қалды. Қорық қызметкерлері Қазақстандағы ең ірі әрі күшті жыртқыш құстардың бірі – бүркіттің жақыннан түсірілген сирек кадрларын жариялады.
«Бүркіт – жыртқыш құстардың ішіндегі ең айбарлыларының бірі. Ол қырағы көзімен, қуатты тырнақтарымен және ерекше аңшылық қабілетімен ерекшеленеді», – делінген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарламасында.
Жасырын фотокамералар қорық инспекторлары мен ғалымдарға сирек кездесетін жануарларды табиғи ортасында, олардың тыныштығын бұзбай бақылауға мүмкіндік береді.