Жобаға жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – 360 млн АҚШ доллары, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған қайта жаңғыртылған терминалдың ашылу рәсімі өтті. Ауқымды жаңарту жұмыстары елдің басты әуе айлағын дамытуға бағытталған Project Horizon бағдарламасының кезекті кезеңі болды. Жоба аясында багаж жүйесінің өткізу қабілеті арттырылып, жолаушыларды отырғызу аймақтары мен жолаушылар инфрақұрылымы жаңартылды. Жұмыстар 13 айда аяқталды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежай инфрақұрылымын жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған терминалдың ашылуы – осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі.
– Алматы – еліміздің іскерлік және қаржы орталығы. Сондықтан қаланың әуежайын дамыту айрықша маңызға ие. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ өңірдегі ірі авиациялық хабтардың бірі ретіндегі орнын күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Әсел Жанасова.
Сондай-ақ ол әуежай инфрақұрылымын дамыту елдің стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін жеткізді. Оның сөзінше, Қазақстан транзиттік мүмкіндіктерін нығайтып, халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр.

– Серіктестерімізбен бірлескен мақсатымыз – 2040 жылға қарай жолаушылар ағынын жылына 50 миллион адамға жеткізу. Қазақстанның авиациялық әлеуетін одан әрі дамытып, әуежайларымыздың халықаралық жоғары стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді министр.
Бұдан бөлек, ол жүк авиациясын дамыту мен мультимодальды тасымалдарды кеңейтудің перспективаларына тоқталып, Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын логистикалық торап ретіндегі әлеуеті зор екенін айтты.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әуе айлағын дамытуға инвесторлардың қосып отырған үлесін атап өтті. Жобаға жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – 360 миллион АҚШ доллары. Оның 120 миллион доллары қазірдің өзінде игерілген. Ал келесі жылы тағы 150 миллион доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Қала билігі әуежай аумағын кеңейту жұмыстарына да атсалысуда. Бүгінде 332 гектар жер әуежайдың балансына берілген. Сонымен қатар Алматы облысы тарапынан тағы 300 гектар жерді беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Әкімнің айтуынша, әуежай – қаланың визит картасы. Сондықтан оны жаңғырту қала тұрғындары мен туристер үшін де маңызды. Алдағы жобаларды іске асыру әуе айлағының өткізу қабілетін арттырып, Алматының Орталық Азиядағы ірі көлік торабы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
TAV Airports компаниясының бас директоры Серкан Каптан ішкі рейстер терминалының 2000 жылы салынғанын еске салды. Қайта жаңғырту барысында ұшаққа отырғызуға арналған сегіз аймақ жаңартылып, үш жаңа телескопиялық трап орнатылды. Жолаушылар инфрақұрылымы толық жаңартылып, багажды өңдеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде оның өткізу қабілеті артты, ал багаж алу аймақтарының аумағы екі есе ұлғайды.

Сонымен қатар желдету және жылыту жүйелері ауыстырылып, электр және IT инфрақұрылымы жаңартылды. Жаңа мейрамханалар мен дүкендер, санитарлық бөлмелер және заманауи VIP-аймақтар ашылды.
– Осы күрделі үдеріс барысында түсіністік танытып, шыдамдылық көрсеткен жолаушыларымыз бен әуе компанияларындағы серіктестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз. Бүгін ішкі рейстер терминалын жаңғырту жұмыстары толық аяқталғанын мақтанышпен хабарлаймыз, – деді Серкан Каптан.
Ол 2024 жылдың маусымында әуежайдың жаңа халықаралық терминалының құрылысы аяқталғанын да еске салды. Жоба 20 айда жүзеге асырылып, әуе айлағының өткізу мүмкіндігін едәуір арттырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әуежай 12 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсеткен. Ал 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 12,5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Әуежай инфрақұрылымын дамыту жұмыстары әлі де жалғасуда. Соңғы 12 айда әуе кемелеріне арналған 14 жаңа тұрақ пайдалануға беріліп, екі бұрылу жолы жөнделді және мұздануға қарсы арнайы алаң салынды. Алдағы апталарда ұзындығы төрт шақырым болатын жаңа параллель бұрылу жолын іске қосу жоспарланған.
Бұдан кейінгі жоспарлардың қатарында екі терминалды байланыстыратын өткел салу және халықаралық терминалда жолаушыларды ұшаққа отырғызуға арналған қосымша шығу аймақтарын ашу бар.
