Мәжілісте ҚР «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Гуманизм жасаудың маңызды бір қадамы өлім жазасын жою болып табылады. БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарайды. Екінші факультативтік хаттама өлім жазасын жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және құқықтарын дамытуға ықпал етеді деп есептейді. Гуманизм басшылыққа ала отырып, Қазақстан әрбір адамның өмір сүру құқығының ажырамас екендігін бекітті және өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасады. Осы пакттің 6-бабына сәйкес, өлім жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. Қазақстан 2006 жылы ЕО «Өлім жазасын жою туралы» үндеуіне қосылды, 2007 жылы БҰҰ Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын қолдады. Осының аясында өлім жазасын қолдану сатылай азайып келеді», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.
Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық Кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында сақталған. Барлық санкцияларға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген. Соттар өлім жазасын немесе балама жазаны қылмыстық ауырлығын, сотталушының жеке басын және оның қылмыс салдарынан қарым-қатынасын ескеріп тағайындайды.
«2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жою бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан биылғы қаңдарда ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауды міндеттейді. Алайда бұл жазаны хаттама ескертпесінің шеңберінде қалдыру мүмкіндігі бар, Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратификациялады. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды», - деді Ә. Шындалиев.
Ұсынылып отырған заң жобасы Қылмыстық кодексті хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтіруге бағытталған және Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізіледі.
«Біріншіден, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екіншіден, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалуы қажет. Басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу және соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар аталған қылмыстардың ауырлығын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді. Осындай адамгершілікке қарсы әрекеттер белгіленген халықаралық актілер бізге өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстарды анықтауға бағыт болып табылады. Атап айтсақ, БҰҰ Экономикалық және әл кеңесінің резолюциясына сәйкес, өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыстар шегінен шықпауы тиіс. Заң жобасын қабылдау еліміздің әлемдік аренадағы беделін күшейтеді, халықаралық қауымдастық аддам құқығын қамтамасыз етуге прогресс және ізгі қадам ретінде қабылдайды. Сонымен бірге, ең жоғары конституциялық құндылық – өмір сүру құқығын күшейтудің кепілі болады», - деп түсіндірді Әсет Шындалиев.