Бүгінгі таңда әйелдің қоғамдағы орны тек отбасымен шектелмейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен әйелдердің саясаттағы рөліне арналған дөңгелек үстел өтті. Сарапшылар қазіргі заманғы көшбасшылық қандай болуы керек, сенімнің неліктен саясаттағы басты капиталға айналып отырғаны және әйелдердің ел болашағына қосып отырған үлесі туралы пікір алмасты.
Бүгінде әйелдердің саясатқа қатысуы тек өкілдік немесе статистика мәселесімен ғана шектелмейді. Бұл – мемлекеттік басқару сапасы, қоғамдық институттардың қандай құндылықтарға негізделетіні және биліктің халықтың үнін қаншалықты ести алатыны туралы әңгіме. Осы мәселелер «Әйелдің саясаттағы рөлі: көшбасшылық, қызмет ету және болашақ алдындағы жауапкершілік» атты дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Іс-шараны комиссия мүшесі, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы Айнұр Идрисова ұйымдастырды.
Кездесудің модераторы журналист, медиаменеджер және стратегиялық коммуникациялар саласының сарапшысы Махаббат Есен болды. Ол пікірталасты аша отырып, әйелдердің саясаттағы орнын квота немесе формалды қатысу тұрғысынан емес, мемлекеттің болашағы туралы маңызды әңгіме ретінде қарастыруды ұсынды.
«Қай кезеңде де қоғамның құндылықтарын ең алдымен әйел қалыптастырған. Ол болашақ билеушілерді, дәрігерлерді, ұстаздарды, ғалымдарды тәрбиеледі. Сондықтан мықты әйелдерсіз қуатты мемлекет құру мүмкін емес», – деді модератор.
Кездесудің негізгі ойы – қазіргі саясаттың табиғаты біртіндеп өзгеріп келе жатқаны болды. Ашықтық, кәсібилік, диалогқа дайын болу және қоғам алдындағы жауапкершілік барған сайын маңызды бола түсуде. Бүгінде олар көшбасшылықтың жаңа үлгісін айқындайтын басты қасиеттерге айналып отыр.

Алғашқы болып баяндама жасаған Айнұр Идрисова жаңа буын әйелінің бейнесін қоғамға қызмет ету, кәсіби біліктілік пен жеке жауапкершілік арқылы сенім қалыптастыратын көшбасшы ретінде сипаттады.
«"Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" деген жақсы сөз бар. Мұның астарында терең ой жатыр. Әйел болашақ ұрпақты тәрбиелеп, балалардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік, еңбекке құрмет және отбасы құндылықтарын сіңіреді. Дегенмен бүгінгі таңда әйелдің қоғамдағы орны тек отбасымен шектелмейді. Әйелдер білім беру, денсаулық сақтау, бизнес, қоғамдық қызмет және мемлекеттік басқару салаларында табысты еңбек етіп келеді. Сондықтан маңызды шешімдер қабылданатын жерде әйелдердің үні қаншалықты естіледі деген заңды сұрақ туындайды. Тарихқа көз жүгіртсек, көптеген елдерде саясат ұзақ уақыт бойы негізінен ер азаматтардың қатысуымен қалыптасты. Алайда қазіргі қоғам ең салмақты әрі тұрақты шешімдер ерлер мен әйелдер бірлесіп талқылаған кезде қабылданатынын көрсетіп отыр. Әйелдер саясатқа кәсібилікті ғана емес, отбасы, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік әділеттілік және балалардың болашағы мәселелеріне деген ерекше жауапкершілікті де алып келеді. Сондықтан бұл жерде бәсекелестік емес, әріптестік туралы сөз болып отыр. Шешім қабылдау үдерісінде әртүрлі көзқарас, өмірлік тәжірибе мен тағдырлар қаншалықты көп болса, қоғамымыз да соншалықты мықты болып, Қазақстанның болашағын соғұрлым сенімді қалыптастыра аламыз», – деді Идрисова.
Сонымен қатар, Айнұр Идрисова тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, зерттеулер мемлекеттік қызметтегі әйелдер арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының деңгейі айтарлықтай төмен екенін және шамамен бір пайызды ғана құрайтынын көрсетеді. Бұл, спикердің пікірінше, әйелдердің жауапкершілігінің жоғары екенін, ашықтық қағидаттарына адалдығын және қоғамға қызмет етуге деген ұстанымын айқын дәлелдейді.
Мемлекеттік басқару тақырыбын жалғастырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шынарай Әлімханова бүгінде мемлекеттік қызметтің кәсібилікке, тиімділікке және жауапкершілікке негізделген жаңа талаптарға сай дамып келе жатқанын атап өтті.
«Біз мемлекеттік қызметтің гендерлік құрамына тоқсан сайын мониторинг жүргіземіз. Қазіргі таңда Алматы қаласында шамамен 4 мың мемлекеттік қызметші еңбек етеді, олардың 60%-ға жуығы – әйелдер. Дегенмен басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі айтарлықтай төмен, ал қаладағы саяси мемлекеттік қызметшілер арасында бүгінгі күні әйелдер жоқ. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: мемлекеттік қызметте әйелдер саны басым болғанымен, олардың басшылық қызметтердегі үлесі неге аз? Бүгінде елімізде жаңартылған Конституция, «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдар қолданыста. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдердің рөліне көбірек көңіл бөлу маңызды. Әйелдердің дауысы естіліп, шешім қабылдау үдерісіне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік берілуге тиіс. Өйткені әрбір басқарушылық шешім – ең алдымен адамдардың тағдыры үшін жауапкершілік, ал түрлі көзқарастың болуы қабылданатын шешімдердің сапасын арттырады», – деді Шынарай Әлімханова.
Егер мемлекеттік қызмет шешім қабылдау тетіктерін айқындайтын болса, сол шешімдерді қабылдайтын адамдар қандай құндылықтарды басшылыққа алатыны да ерекше маңызды. Осы мәселеге заң ғылымдарының кандидаты, Narxoz университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің ассистент-профессоры Әлия Мырзакәрім тоқталды. Ол әйелдердің саясаттағы рөлін құндылықтар мен азаматтық бірегейлік тұрғысынан қарастыруды ұсынып, кез келген мемлекеттік реформаның жауапкершілік мәдениетін қалыптастырумен қатар жүруі қажет екенін айтты. Сондай-ақ сарапшы отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Оның пікірінше, тиімді профилактика құқық қорғау органдары араласқаннан кейін емес, әлдеқайда ертерек – тәрбие беру, әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім беру және қыздардың мамандық таңдауына кедергі келтіретін гендерлік стереотиптерді жоюдан басталады.
«Алдын алу шаралары тек полицияның немесе психологтардың жұмысы ғана емес. Ол – әйелдердің қаржылық тәуелсіздігі, білім алуы және өз әлеуетін толық жүзеге асыруы», – деді Әлия Мырзакәрім.
Құндылықтар мен жауапкершілік туралы әңгіме өңірлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат мәселесіне ұласты. Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Ғалия Әкімбекова еліміздің тұрақты дамуы мықты өңірлерден басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, тиімді мемлекеттік саясат ауыл тұрғындарының нақты қажеттіліктерін ескеріп, өңірлерде өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.
«Ауылдағы көптеген мәселені бір реттік шаралармен шешу мүмкін емес. Ол үшін ғылыми сараптамаға негізделген жүйелі тәсіл, халықпен тұрақты диалог және дәйекті мемлекеттік саясат қажет. Өйткені қуатты ауыл – қуатты мемлекеттің берік негізі», – деді Ғалия Әкімбекова.
Кездесу барысында әлеуметтік саясат мәселесіне де ерекше назар аударылды. Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова кез келген мемлекеттік бағдарламаның түпкі мақсаты – нақты адамдарға қолдау көрсету екенін айтты. Орталықтың күнделікті тәжірибесі отбасына дер кезінде көрсетілген қолдау тұрмыстық мәселелерді шешіп қана қоймай, жалпы қоғамның тұрақтылығын нығайтуға да ықпал ететінін көрсетіп отыр.
«Алатау ауданы әлеуметтік тұрғыдан ең күрделі аудандардың бірі. Мұнда әлеуметтік тұрғын үй көп болғандықтан, әлеуметтік мәселелер де аз емес. Қазіргі уақытта біздің орталықтың сүйемелдеуінде шамамен 12 мың әйел бар, олардың 8 мыңы балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр. Күн сайын орталыққа 100–150 әйел түрлі тренингтер мен консультацияларға қатысу үшін келеді. «Балық берме, қармақ бер» дейді. Біздің мақсатымыз – әрбір әйелдің жұмыс тауып, өздігінен өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Түрлі қолдау қорларының көмегімен 72 отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар әйелдер тегін оқып, алимент өндіру, бұғатталған банк шоттары және басқа да маңызды мәселелер бойынша көмек ала алады», – деді Ақмарал Басирова.
Кездесудегі баяндамаларды Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті, қоғамдық белсенді Баян Мәулетбекқызы қорытындылады. Ол азаматтық жауапкершілік жастардың қоғамдық өмірге және волонтерлік қызметке белсенді қатысуы арқылы қалыптасатынын айтты. Оның пікірінше, бүгінде қоғамдық және еріктілік бастамаларға көбіне қыздар жиі қатысады, ал жастар арасындағы ер азаматтардың да бұл іске белсенді араласқаны маңызды.
«Бүгінде қоғамдық және волонтерлік бастамаларды көбіне қыздар қолдайды. Олардың басты мақсаты – қоғамға пайдалы болу. Осындай игі іске жас жігіттердің де белсенді қатысқанын қалаймыз. Өйткені қоғам алдындағы жауапкершілік – жынысына қарамай, барша жастарды біріктіретін ортақ құндылық», – деді Баян Мәулетбекқызы.
Дөңгелек үстелдің негізгі қорытындысы – қазіргі заманғы көшбасшылықтың негізі сенім, кәсібилік және адамгершілік жауапкершілік екені болды. Дәл осы қасиеттер қысқа мерзімді саяси нәтижеге емес, қоғамның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстан әйелдері стратегиялық шешімдер қабылдау үдерісіне белсенді қатысып, мемлекеттік мекемелерге басшылық жасап, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және кәсіпкерлік салаларын дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Осындай жан-жақты тәжірибе әйелдердің ел болашағын қалыптастырудағы рөлін айқындай түседі.