Ойын алаңында қонақтар ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатыса алады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
19 қыркүйекте Алматы облысындағы «Біздің ауыл» этноауылында nomad álemi фестивалінің қорытынды шарасы өтеді. Бұл - көшпенділер мәдениеті мен мұрасын бүгінгі көзқарас тұрғысынан жаңаша зерделеуге арналған ауқымды жоба. Бұған дейін фестиваль 5 қыркүйекте Ақмола облысының Макинск қаласында және 12 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов ауылында өтті.
Фестиваль музыка, өнер, білім, гастрономия және заманауи бағыттарды біріктіріп, қонақтарды жобаның басты сұрағына бірге жауап іздеуге шақырады: заманауи номад деген кім және дала мұрасы бүгінгі және ертеңгі өмірімізде қандай орын алады? nomad álemi фестивалінің әр кеңістігі дәстүр мен өнерден бастап, гастрономия, спорт және заманауи идеяларға дейін номадтар мәдениетінің сан қырын таныстырады.
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі - Білім кеңістігі. Мұнда қатысушылар заманауи номад болу нені білдіретінін және дала мұрасының бүгінгі мәдениетте, өнерде, бизнесте және күнделікті өмірде қалай көрінетінін талқылайды. Жазушы, мәдениеттанушы, қазақ мифологиясы мен фольклорын зерттеуші, қоғам қайраткері Зира Наурызбай бүгінге дейін жеткен және қазіргі номадтың мәдени кодын қалыптастыратын мифтер туралы әңгімелейді. Суретші, графикалық дизайнер және түркі мифологиясын зерттеуші Дәурен Тасбулатов Ұлы даланың көне бейнелерін заманауи өнер арқылы қайта пайымдау туралы сөз етеді. Ал эко-этнодизайнер Ботагөз Сатыбек дәстүрдің киімдегі жаңа көрінісі мен саналы тұтыну туралы айтады. Сонымен қатар қазіргі номадизмнің бизнестегі және әлеуметтік қызметтегі көріністеріне арналған сессия өтеді. Оған aitas өкілдері қатысады. Бағдарламада дизайнер әрі режиссер Мансур Смағамбетовтың Parsifal бейнеинсталляциясының көрсетілімі, түркітанушы Ерлан Еспенбетовтың көшпелі өркениет мұрасы туралы дәрісі, сондай-ақ журналист, зерттеуші Юрий Дорохов пен «Петроглифтерді іздеушілер» қорының атқарушы директоры, археолог, тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі сарапшы Ольга Гумированың қатысуымен «Есте сақтау картасы: қазіргі номад өз жерінің тарихын қалай таниды?» атты public talk өтеді. Білім беру бағдарламасын Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, зерлеу техникасындағы алтын тігу өнерін Қазақстанда қайта жаңғыртқан Айжан Абдубаитова және нутрициолог, Дұрыс тамақтану-Қазан-фест ұйымдастырушысы Сабина Мұқан қорытындылайды.
Ойын алаңында қонақтар ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатыса алады.
Дастархан кеңістігі дала мәдениетіндегі ас беру дәстүрі мен ұлттық тағамдар жайлы таныстырады. Этнограф Айгерім Мұсағажина «Көшпенділер асханасы: көне мен жаңа» тақырыбында дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізеді. Онда дәстүрлі тағамдар мен өнімдер, сондай-ақ олардың бүгінгі күндегі жаңаша қолданылуы туралы сөз болады. Мұнда ұзын дастархан да жайылады. Дастархан басында қонақтар бас қосып, танысып, әңгіме-дүкен құрып, өзара тәжірибесімен бөлісе алады. Бұл - қазақ мәдениетіндегі қонақжайлық пен бірліктің дәстүрлі көріністерінің бірі.
Бағдарламада заманауи өнерге де ерекше мән беріледі. Фестивальде open call байқауының жеті жеңімпазының жұмысы көпшілік назарына ұсынылады. Авторлар өз еңбектерінде номадтардың мәдениеті мен мұрасын, сондай-ақ дәстүрлі дүниетанымдағы түрлі бейнелерді заманауи тұрғыдан пайымдайды. Арт-галереяда суретшілер Дәурен Тасбулатов пен Риз Есентаевтыңжұмыстары қойылады.
Фестивальдің басты символы - Тазы. Биіктігі төрт метр болатын бұл мүсін қазақ мәдениетіндегі танымал бейнелердің біріне арналған. Арт-нысан қайта өңделген пластиктен жасалған. Фестиваль қонақтары мүсінді өз қолдарымен толықтырып, ортақ өнер туындысын жасауға атсалыса алады.
Музыкалық бағдарлама күні бойы жалғасады. Кешке фестиваль сахнасында Yenlik, Dudeontheguitar, Steppe Sons, Urker, «Арқайым», Tengri, Duana және басқа да өнерпаздар өнер көрсетеді.
Фестивальдің тағы бір маңызды кеңістігі - «Мүшел жолы». Мұнда қонақтар адам өмірінің әр кезеңін символдық түрде өткере отырып, туғаннан бастап есейіп, кемелденуге дейінгі жолды сезіне алады және өз мұрасы туралы ой түйеді.
Фестивальдің толық бағдарламасымен nomad álemiсайтынан көруге болады.
Билеттерді Ticketon және Sxodim.kz сайттарынан сатып алуға болады.