Алматыда тұрғын үй бағдарламасының төртінші кезеңі аясында кезекте тұрған азаматтарға пәтер беру басталды
Қала күні қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданының Мәдениет шағынауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Осылайша, қалада биылғы тұрғын үй беру жұмыстарының төртінші кезеңі басталды. Оның аясында кезекте тұрған азаматтарға 1 мың пәтер кезең-кезеңімен беріледі.
Іс-шара барысында қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындағанын атап өтті. Алматыда бұл бағыттағы жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Бүгін біз әлеуметтік маңызы зор істің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Биыл басталған тұрғын үй беру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып келеді», – деді Дархан Сатыбалды.
Алматы әкімі жыл соңына дейін тұрғын үймен қамтамасыз етудің түрлі бағыттары бойынша 11 мыңнан астам пәтер беру жоспарланғанын еске салды. Оның ішінде несиеге және жалға берілетін тұрғын үйлер бар.
Бүгінде тұрғын үй берудің бірінші және екінші кезеңдері толық аяқталып, 2 717 отбасы баспаналы болды. Үшінші кезең аясында 640 пәтерді үлестіру жалғасып жатыр. Төртінші кезеңде Мәдениет шағынауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 1 000 пәтер беріледі.
Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған қолдау шаралары да жалғасуда. «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 1 650 жасқа жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру қарастырылған. Бүгінде 809 жас маман қажетті қаржыландыруды алды, қалған қатысушылар бойынша іріктеу жүргізіліп жатыр.
«Мемлекеттік қолдау әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға нақты көмек көрсетуге бағытталса, еңбек етіп, тұрақты табыс тауып жүрген алматылықтарға баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін тетіктер қолданылады», – деді Дархан Сатыбалды.
Қала әкімі тұрғын үймен қамтамасыз ету Алматының әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Әртүрлі санаттағы қала тұрғындарының табыс деңгейі мен қолданыстағы қолдау тетіктерін ескере отырып, тұрғын үй жағдайын жақсартуына мүмкіндік беретін жағдай жасауға ерекше назар аударылуда.
Сөз соңында Дархан Сатыбалды жаңа қоныс иелерін құттықтап, қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыс жалғасатынын атап өтті.