Көше бойында барлығы 26 нысан орналасқан, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
20 қыркүйекте, Қала күні, Алматыда алғашқы гастрономиялық көше ашылады. Ол Масанчи көшесінің Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде орналасқан.
Масанчи көшесінде гастрономиялық кеңістік құру жобасы Алматыда мамандандырылған гастрономиялық көшелер желісін қалыптастыру аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба қала экономикасын, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ заманауи қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған.

Гастрономиялық көшелер тұжырымдамасы гастрономия, мәдениет, кәсіпкерлік пен көркейтуді біртұтас қалалық ортада тоғыстыратын халықаралық тәжірибеге негізделген.
Мұндай кеңістіктер жергілікті бизнестің дамуына серпін беріп, көшелердің тартымдылығын арттырады әрі тұрғындардың демалып, уақыт өткізуіне және қарым-қатынас жасауына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Жоба аумақтарды бірыңғай сәулеттік тәсіл негізінде кешенді жаңғыртуды және гастрономиялық инфрақұрылымды дамытуды көздейді. Нысандардың кемінде 60%-ын қоғамдық тамақтану орындары, ал 40%-ға дейінгі бөлігінде гастрономиялық көше тұжырымдамасына сай өзге де кәсіпкерлік нысандар – гүл дүкендері, қолөнер шеберханалары, кітап дүкендері, галереялар және басқа да орындар болады.

Масанчи көшесі осы бағыт аясында жүзеге асырылған алғашқы кеңістік болмақ. Ұзындығы 413 метр аумақта жартылай жүргіншілер аймағы, кеңейтілген тротуарлар, көгалдандырылған аумақтар, веложол және қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдары бар заманауи қалалық орта қалыптастырылды.
Көркейту жұмыстары аясында жол жабыны мен қалалық инфрақұрылым элементтері жаңартылып, кедергісіз орта жасалды. Жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Аумақ жасыл желекпен, арт-нысандармен және шағын сәулет нысандарымен толықтырылды. Сонымен қатар ғимараттар «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша қайта жаңғыртылды.
Масанчи көшесінің тұжырымдамасы музыка мен қалалық мәдениетке басымдық беретін жастар гастрономиялық көшесін жасауды көздейді. Оның тақырыптық бағыттарының бірі аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына арналады. Топ мүшелері кезінде Қазақ политехникалық институтының студенттері болған.
Көше бойында барлығы 26 нысан орналасқан. Оның 16-сы – жұмыс істеп тұрған және ашылуы жоспарланған қоғамдық тамақтану орындары. Олардың қатарында Bal, Tary, The Point және басқа да мейрамханалар бар. Қазіргі уақытта бірқатар нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олар кезең-кезеңімен ашылады.
Алматыда гастрономиялық көшелер желісін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бағыт қоғамдық тамақтану орындарын, шағын және орта бизнесті және заманауи қоғамдық кеңістіктерді бір ортаға біріктіруді көздейді.