Қант диабеті ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Тұрақты шөлдеу, дәретханаға жиі бару, тез шаршау және себепсіз салмақ жоғалту сияқты белгілерді көпшілік шаршау, күйзеліс немесе ұйқының қанбауымен байланыстырады. Алайда кей жағдайда бұл белгілердің артында қант диабеті тұруы мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы №14 қалалық емханасының дәрігер-эндокринологы Гүлнәр Төрехан айтып берді.
Қант диабеті ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз дамуы мүмкін. Оның негізгі белгілеріне тұрақты шөлдеу, ауыздың құрғауы, жиі зәр шығару, әлсіздік, тәбеттің артуы, себепсіз салмақ жоғалту және көру қабілетінің нашарлауы жатады. Сондай-ақ жаралардың баяу жазылуы және инфекциялық аурулардың жиілеуі байқалуы мүмкін.
Маманның айтуынша, 2-типті қант диабеті көбінесе айқын белгілерсіз өтеді және профилактикалық тексеру кезінде кездейсоқ анықталады. Сондықтан қандағы глюкоза деңгейін жүйелі түрде тексеріп, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн.
«Артық салмағы бар, физикалық белсенділігі төмен, тұқым қуалайтын бейімділігі бар, сондай-ақ бұрын қандағы қант деңгейінің жоғарылауы анықталған адамдар өз денсаулығына ерекше назар аударуы қажет», – дейді маман.
Ауруды анықтау үшін қандағы глюкоза деңгейіне талдау жасалады. Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша зерттеулер тағайындауы мүмкін.
2-типті қант диабетінің даму қаупін азайтуға дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру, қалыпты салмақты сақтау және тұрақты медициналық тексеруден өту көмектеседі.
Есіңізде болсын: қант диабеті – үкім емес. Ауруды дер кезінде анықтау және дұрыс таңдалған ем оның барысын бақылауға және өмір сапасын сақтауға мүмкіндік береді.