Дәрісте құқықтық сауаттылықты арттыруға да назар аударылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 13 қазанда Алматыдағы ALT университетінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған кездесу өтті. Студенттерге деструктивті діни ағымдардың белгілері түсіндіріліп, әлеуметтік желілердегі күмәнді ақпараттың ықпалына түспеу жолдары айтылды.
Іс-шараны университет «Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығымен» бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге Алматы қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының директоры, PhD Бақытжан Сапаров қатысты.
Маман экстремистік идеялардың таралу тәсілдеріне тоқталып, діни сауаттылық пен сыни ойлаудың маңызын түсіндірді. Студенттермен деструктивті ағымдардың белгілері, ұлттық және діни құндылықтардың сабақтастығы талқыланды.
Дәрісте құқықтық сауаттылықты арттыруға да назар аударылды. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, әртүрлі сенім өкілдерінің өзара сыйластығын нығайту мәселелері қозғалды. Кездесу жастардың ақпаратты саралап қабылдау дағдысын дамытуға және радикалды идеяларға қарсы саналы ұстаным қалыптастыруға бағытталды.
Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары қаладағы колледждерде де жүргізілді. 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» тапсырысымен білім беру ұйымдары мен қоғамдық мекемелерде кездесулер ұйымдастырылды.
Олардың қатарында Алматы көпсалалы технико-экономикалық колледжі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің кәсіптік білім беру колледжі және «ТАЛАНТ-К» медициналық колледжі бар. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар Satbayev University мен Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетін қамтыды.
Қатысушыларға экстремизм мен терроризмнің қоғамға төндіретін қаупі, оның алдын алу және ықтимал қатерлерден сақтану жөнінде ақпарат берілді.
Аталған кезеңде қала бойынша барлығы 17 іс-шара өткізіліп, 1 722 адам қамтылды. Бұл санға колледждер мен жоғары оқу орындарындағы кездесулермен қатар, мектептерде және өзге мекемелерде ұйымдастырылған іс-шаралардың қатысушылары да кіреді.