Дәріс ашық диалогқа ұласып, жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілер маманға сұрақтарын қойды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 19 қазанда Алматыдағы №3 кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған кездесу өтті. Дәріске мектеп тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылар қатысты.
Жиында Алматы қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының оқытушысы, философия ғылымдарының докторы Гүлнар Жұманова сөз сөйледі.
Маман радикалды идеялардың ықпалына түспеу үшін білім мен құқықтық сауаттың маңызды екенін айтты. Жастарға кез келген ақпаратты талдап қабылдау, оның мазмұнына сын көзбен қарау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесуде дінаралық келісім мен қоғамдық татулық мәселелері де қозғалды. Әртүрлі сенім өкілдерінің бір-біріне құрметпен қарауы, отбасындағы тәрбие мен өзара сыйластықтың орны сөз болды.
Жас спортшылардың өздері тарататын ақпаратқа да жауапкершілікпен қарауы керектігі айтылды. Дәріс ашық диалогқа ұласып, жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілер маманға сұрақтарын қойды. Қатысушылар экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөнінде түсініктеме алды.