Кездесу ашық әңгіме түрінде өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы №133 мектеп-гимназияда оқушыларға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы дәріс өткізілді. 2026 жылғы 27 қазанда ұйымдастырылған кездесуге жүзден астам оқушы қатысты.
Оқушылармен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Жанна Қантарбаева кездесті.
Маман деструктивті діни ағымдардың негізгі белгілерін түсіндіріп, экстремистік идеялардың қалай таралатынын баяндады. Әлеуметтік желідегі қауіпсіздікке де ерекше назар аударылды. Оқушыларға интернеттен алынған ақпаратты сыни бағалаудың және діни мазмұндағы күмәнді насихатқа ермеудің маңызы айтылды.
Дәріс барысында ұлттық және діни құндылықтардың сабақтастығы, құқықтық сауаттылық пен өзге сенім өкілдеріне құрмет көрсету мәселелері де қозғалды. Отбасында және қоғамдық ортада өзара сыйластық қалыптастырудың дінаралық келісімді сақтаудағы орны түсіндірілді.
Кездесу ашық әңгіме түрінде өтті. Оқушылар маманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Іс-шара жастардың діни және құқықтық сауатын арттыруға, ақпаратты талдап қабылдау дағдысын дамытуға бағытталды.