Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатқан алматылық «Қайрат» футбол клубы Словенияның «Олимпия» командасын екі ойынның қорытындысы бойынша 3:1 (1:1, 2:0) есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Жанкүйерді желпінткен жеңіс
Бұл – алматылық команда тарихындағы екінші елеулі жетістік. Еске салсақ, бұдан төрт жыл бұрын Қазақстанның ең ірі мегаполисінің өкілдері Израильдің «Макаби» клубын өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 1:1 нәтижесін тіркеп, алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен болатын. Алайда, келесі айналымда сербтің әйгілі «Црвена Звезда» командасына қарсылас атанған «Қайрат» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жеткенімен, Белградтағы қарымта кездесуде 0:5 есебімен ойсырай ұтылды.
Алайда, уақыт өз дегенін жасайды. Уақыт өте келе құрам жаңарып, жасыл алаңда жаңа есімдер пайда болады. Бұл – өмір заңдылығы. Биылғы жеребе Словенияның көп дүркін чемпионы «Олимпияны» қарсылас ретінде белгілегенде, көпшіліктің көкейінде күмән болғаны рас. Себебі, «Олимпия» – өз елінің 8 дүркін чемпионы, соңғы екі жыл қатарынан ешбір қарсыласқа есе жібермей, чемпиондықты иеленіп келеді. Өткен маусымда ел чемпионатында екінші орын алған «Марибор» клубын 7 ұпайға басып озған.
Алғашқы ойын Словенияда өтті. Бұл матчта алаң иелері басымдық танытып, допты көбірек иеленді. Ал «Қайрат» қарымта шабуылдарға сүйеніп, қорғанысты бекем ұстауға тырысты. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин ұсынған тактика күтпеген нәтиже берді. Кездесудің алғашқы голын «Қайрат» соқты. Жоржиньо мен Сәтбаевтың өзара түсінісуімен өрбіген шабуылды 16 жастағы Сәтбаев сәтті аяқтап, командасын алға шығарды. Айта кетерлігі, бұл – қазақ футболшысы үшін еурокубоктардағы алғашқы және тарихи гол болды. Алайда матч соңына қарай «Олимпия» шабуылын күшейтіп, есепті теңестіріп үлгерді – 1:1.
Барлығы Алматыдағы қарымта кездесуде шешілді. Көпшілік словен клубын фаворит санағанымен, ойын тағдырын «Қайрат» шешті. Ойынның алғашқы минуттарында-ақ «Олимпия» басымдыққа ұмтылды. Алаңның көп бөлігін «Қайрат» қорғанысқа жұмсауға мәжбүр болды. Дегенмен, бесінші минутта күтпеген шабуыл ұйымдастырылып, сол қапталдан көтерілген допты португалиялық Жоржиньо баспен торға тоғытты. Қақпашы Гала Любей-Финк допты тоқтата алмады – есеп 1:0.
Словен сайыпқырандары сүрінді
Кездесу барысында доп иелену жағынан қонақтар басым болғанымен, алаң иелері қорғаныста сауатты ойнады. Қақпашы Александр Заруцкий шеберлік танытып, қауіптің бетін қайтара білді. Қарымта шабуылдар да өткір өрбіді. Дастан Сәтбаев екі рет жеке шабуылға шығып, қауіпті сәт тудырды. Бірақ қарсылас қорғаушылар барын салып тосқауыл қойды. Бірінші тайм соңына таман тағы бір қателікке бой алдырған қонақтар бұл жолы Жоржиньоның пасынан кейін туған күнің атап өткен Александр Мрынскийдің дәл соққысына төтеп бере алмады. Есеп – 2:0. Айта кету керек, Мрынский – «Қайрат» клубының өз тәрбиеленушісі.
Ойынның екінші бөлігінде де словендер шабуылды үдете түсті. Бір сәтте Алекс Тамм қақпаға соққы жасау мүмкіндігін пайдаланғанымен, нәтиже шықпады. Жанкүйерлер сол сәтте демін ішіне тартып, алаңдағылармен бірге алаңдады. 90 минут бойы «Қайрат» қақпасына тура соққы жасалмады деуге болады. Қосымша уақытта алаң иелері тағы бір гол соққанымен, төреші оны ойыннан тыс деп танып, есепке алмады.
Осылайша екі матчтың қорытындысы бойынша «Қайрат» лайықты жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтті. Бұл жолы олар Финляндия чемпионы – КуПС клубымен кездесетін болады. Матчтар 22 және 29 шілдеде өтеді.
Футбол мамандары Рафаэль Уразбахтин баптайтын команда мұндай ұйымшылдықпен әрі тактикалық дәлдікпен ойнаса, одан әрі өтуге де толық мүмкіндігі бар деп бағалап отыр. Сондықтан да ел намысын қорғайтын «Қайрат» клубы келесі қарсыласына да дәл осындай мінез көрсетсе, алар асуы алда деп сеніммен айтуға болады.
Әлім АНАПЬЯНОВ