Банктер ипотека берместен бұрын әлеуетті қарыз алушының табысына ғана емес, жасына да назар аударады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жалпы қазақстандықтар тұрғын үй несиесін 18 жастан бастап ала алады, алайда кейбір банктер ең төменгі межені 21 жас, ал шекті межені 65-68 жас етіп белгілеген. Дегенмен әр банктің өз шарттары бар.
"Крыша" порталының хабарлауынша, кей екінші деңгейлі банктерде зейнеткерлерге расында да ипотека беріледі немесе қосалқы қарыз алушы болуға рұқсат етіледі.
Қай банктер зейнеткерлердің өтінімін қарауға дайын:
"Банк ЦентрКредит" – соңғы төлем жасалатын кезде қарыз алушының жасы 68-ден аспаса, ипотека алуға болады. Мысалы, 63 жаста несие 4–5 жылға дейін беріледі. Зейнеткерлер мұнда қосалқы қарыз алушы бола алады;
"Отбасы банкке" өтінішті 64,5 жасқа дейін беруге болады, ал несиені 70 жасқа дейін төлеп бітуі қажет. Бұл жағдайда несиенің ең ұзақ мерзімі 5,5 жылды құрайды;
Alatau City Bank – ипотека 63 жасқа дейінгі қарыз алушыларға беріледі. Қосалқы қарыз алушы ретінде 65 жасқа дейін қатысуға болады. Жасын өтініш берген күні бойынша есептейді. Мұндай шарттар әзірге тек Шымкенттегі бір тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу үшін ғана қолжетімді.
"Нұрбанк" пен ForteBank зейнеткерлерге ипотека бермейді, бірақ оларды қосалқы қарыз алушы ретінде қарастыруға дайын. Шарттарды банк бөлімшелерінен нақтылау қажет.
Демек зейнеткерлерге ипотека беру қарастырылған, алайда оның бірқатар шарты бар, соған дайын болу керек:
ипотека ең көбі 68–70 жасқа дейін беріледі;
несие мерзімінің қысқа болуына (4–5 жыл) байланысты ай сайынғы төлем мөлшері үлкен болады;
табыс пен борыш жүктемесіне қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады.