Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының экономика ғылымдарының докторы Патима Әбдіқұлованың айтуынша, алматылықтар алаңдамаулары және санақтан өтуі тиіс. Патима Әбдіқұлова халық санағы мемлекеттің болашақ әлеуметтік-экономикалық жоспарын құру үшін әр он жыл сайын жүргізіліп отыратынын еске салды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
«Әдетте санақтан кейін терең әлеуметтік-экономикалық және демографиялық талдау жүргізіледі. Әрқайсысы ескеріледі – жаңа туған нәрестеден қарт адамға дейін. Ол мектепке, колледжге бара ма, әлде университетте оқи ма? Ресми түрде не өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, елдегі ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары анықталады. Ауыл тұрғындарының кетуін көруге болады», - дейді сарапшы.
Санақ қорытындысы бойынша мемлекет азаматтардың қалай өмір сүретіні туралы толық ақпарат алады. Сонымен қатар, бұл статистика әртүрлі бөлімдерден алатын ақпаратты нақтылауға көмектеседі. Мысалы, некеде тұрған адамдар туралы АХАЖ деректерін тексеруге болады.
«Елімізде қанша көп балалы отбасы бар екенін анықтауға болады. Егер бұрын көп балалы аналар 10-15 бала туған әйелдер болса, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Санақ қорытындысы бойынша, олар мемлекеттік қолдау ала алады. Жұмыссыздардың ақпараты жұмыс орындарын құру бойынша жаңа бағдарламалар қажет екенін түсінуге көмектеседі. Зейнеткерлер табысы төмен екендіктерін хабарлап, мемлекетке зейнетақыны арттыру қажеттігі туралы белгі береді», - деп жалғастырды Патима Әбдіқұлова.
Мемлекет үшін барлық азаматтар туралы ақпарат маңызды: орташа ауқаты бар немесе ең төменгі жалақы алатын, қарт пен жас және құжаттары жоқ адамдар.
«Халықты ЖСН бойынша санауға болатын сияқты, бірақ бұл тек жеке куәлікте көрсетілген сандар ғана. Ескі құжаттар бойынша немесе оларсыз тұратын азаматтар әлі де бар», - деді сарапшы.
Экономиканы дамыту үшін мемлекет халық туралы нақты статистикалық ақпаратқа ие болуы керек. Сондықтан П. Әбдіқұлова Алматы тұрғындарын санақ рәсіміне түсіністікпен қарауға, сауалнама сұрақтарына толық жауапкершілікпен жауап беруге шақырды.
«Біз – біртұтас Қазақстан халқымыз, санақ деректерінің нәтижесінде өзімізге айнадағыдай қарай аламыз. Сонымен, халық санағы – бұл елдің шежіресі, оның тарихы. Бізден кейін қалатын және ұрпақтар бізді бағалайтын бірнеше объективті ақпарат көздерінің бірі», - деп қорытындылады экономика ғылымдарының докторы.