Париж Олимпиадасының басталуына 50 күн қалды. Ал ұлттық құрама қоржынындағы жолдамалардың жалпы саны 56 болды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.
Әрине, бұл – салыстырмалы түрде төмен көрсеткіш. Соңғы лицензияларды боксшыларымыз жеңіп алды. Олар Таиландта өткен әлемдік аламанға қатысқан болатын және кеше ақтық кездесулер өтті. Барлық салмақта жолдама алдық Боксшылар барлық салмақта жолдама алды. Бірер сағат бұрын Таиланд астанасы Бангкок қаласында лицензиялық турнир мәресіне жетті. Айта кету керек, бұл – Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы іріктеу жарысы. Қазақстанның ерлер құрамасына бір жолдама жетіспей тұр еді. Оны орта салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіп алды. Жерлесіміз ақтық сында Молдова өкілі Александр Параскивтен басым түсті. Қорытынды есеп: 5:0. Жалпы Мұхаммед осы бәсеке барысында өте ауыр жолмен жүріп өтті. Десе де соңына дейін табандылық танытып, негізгі мақсатына қол жеткізді. Осылай қазақстандық жігіттер Париж Олимпиадасына 7 салмақта қатысады. Яғни, бас бапкер Мырзағали Айтжанов лицензияға қатысты жоспарды толық орындады. Енді дәл осылай медалға қатысты жоспарды да жүзеге асырады деп үміттенеміз. Боксшылар жазғы ойыдардан кемі 1 алтын иемденеміз деген міндеттеме алып отыр. Әйелдер боксындағы тарихи жетістік Ал әйелдер боксында тарихи нәтиже тіркелді. Қазақстан алғаш рет Олимпиада ойындарына 3 бірдей қызын қатыстырады. Бұл жөнінде Таиландтағы лицензиялық турнирден кейін белгілі болды. Айта кетейік, бұрымды боксшыларымыз арасынан алғашқы жолдаманы былтыр Азия ойындарында Карина Ибрагимова жеңіп алған болатын. Ал Бангкоктағы әлемдік аламанда Валентина Хальзова мен Назым Қызайбай лицензияға қол созды. 75 келіде өнер көрсететін Валентина ақтық сында Колумбия спортшысын ұтса, Назым Солтүстік Корея өкілінен басым түсті. Қос кездесу де 5:0 есебмен аяқталды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әйелдер боксы бойынша Олимпиада ойындарына бұған дейін 3 мәрте қатысты. Бірақ жолдама алған спортшыларымыздың саны екеуден аспайтын. Париж-2024: ел намысын кім қорғайды? Сметов, Серікбаев немесе Шамшадин. Дзюдодан Париж Олимпиадасына кімнің қатысатыны әлі күнге дейін белгісіз. Ерлер арасындағы ең жеңіл салмақта 3 бірдей үміткеріміз бар. Олар: Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин. Үшеуі де медальға қол соза алатын негізгі спортшыларымыз саналады. Ал Олимпиадаға әр елден әр салмақта бір ғана спортшы қатыса алады. Сондықтан отандық бапкерлер нақты кімді жіберерін білмей, бас қатырып жатыр. Осы тұрғыда бұрынғы мемлекеттік жаттықтырушы әрі спорт функционері Жандос Қонысбаев жігіттер арасында өзара спарринг өткізіп, нағыз мықтыны анықтауды ұсынды.
«Бұл жерде дзюдоға жауапты федерация мен спортқа жауапты комитет дұрыс шешім қабылдауы қажет. Себебі белгісіз себептермен не жеке адамдардың ойларымен бір спортшыны таңдап жіберетін болсақ, қалған екеуіне обал болады», – деді ол.
Айта кетейік, жуырда ғана жаңартылған олимпиадалық рейтинг бойынша Нұрқанат Сепрікбаев 15-ші, Елдос Сметов 22-ші, ал Мағжан Шамшадин 24-ші орында тұр. Ұлттық құраманы кім жаттықтырады? Станислав Черчесов ұлттық құрамаға келе ме? Қазір футбол жанкүйерлері осы сұраққа жауап таппай әлек. Өйткені Қазақстан командасының бас бапкері ресейлік Магомед Адиев бірер күн бұрын қызметінен кетті. Енді оның орнына тағы бір ресейлік Станислав Черчесов келеді деген ақпарат шығып жатыр. Тіпті Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Станислав Черчесовты негізгі үміткер деп мәлімдеді.
«Қазір біз 5 бірдей маманды қарастырып жатырмыз. Оның ішінде нөмірі біріншісі – Станислав Черчесов. Біз онымен сөйлестік және нақты шешімді дүйсенбі күні жариялаймыз», – деді Барменқұлов көрші елдің РИА Новости порталына берген сұхбатында.
Ал Черчесов болса күні кеше ешкіммен сөйлеспегенін және ештеңе білмейтінін жеткізді. Айта кетейік, ұлттық командамыз осы айда 2 жолдастық кездесу өткізуі керек. Яғни, 7 маусымда Армениямен, 11 маусымда Әзірбайжанмен жолығады.