Компания өкілдері қазандыққа қызмет көрсету тұрақты кәсіби бақылауды және жауапкершілікті нақты бөлуді талап ететінін атап өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда «Алматыжылужайэнерго» ЖШС (АЖЖЭ) мамандары Dragon City тұрғын үй кешенінің тұрғындарын тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін қазандықта қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізді. Алайда биылғы тамыз айында мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) жабдықтарға техникалық қызмет көрсету жөніндегі компаниямен жасалған шартты біржақты тәртіппен бұзған.
АЖЖЭ өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылы 21 мамырда компания мен «Бөкейханов 510Б» МИБ арасында қазандыққа қызмет көрсету туралы 2027 жылы 22 мамырға дейін жарамды шарт жасалған. Алайда 10 тамызда МИБ шарт мерзімінің аяқталуын күтпестен, оны 21 тамыздан бастап мерзімінен бұрын бұзу туралы хабарлама жолдаған.
2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғаннан бері тұрғын үй кешенінде жылу беруде іркілістер тіркелді. Мәселені шешу үшін АЖЖЭ мамандары қазандыққа қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған ақауларды жойды.
Компания өкілдері қазандыққа қызмет көрсету тұрақты кәсіби бақылауды және жауапкершілікті нақты бөлуді талап ететінін атап өтті. МИБ шартты мерзімінен бұрын бұзу туралы шешімді жылыту маусымы қарсаңында, қазандыққа алдағы уақытта қызмет көрсету мәселесін алдын ала реттеместен қабылдаған. Бұл тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге қосымша қауіп төндірген.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін АЖЖЭ мамандары жылу берудегі іркілістердің қайталануына жол бермеу үшін қазандықтың техникалық жай-күйін қадағалап, жұмысын бақылауды жалғастырады.
Дегенмен жабдықтарға алдағы уақытта қызмет көрсету мәселесі әлі шешілген жоқ. Оны реттеу үшін МИБ өкілдерімен және пәтер иелерімен бірлесіп, АЖЖЭ-мен шарттық қатынастарды қайта орнату мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.
Компания өкілдері қазандықты пайдалануға қатысты шешімдер қабылданған кезде ең алдымен тұрғындардың мүддесі ескерілуге тиіс екенін атап өтті. Басты міндет – бүкіл жылыту маусымы бойы пәтерлерге жылудың тұрақты берілуін қамтамасыз ету.