Петропавлда құны 160 миллиард теңге болатын жаңа көпбейінді аурухана салынуда. Қазіргі облыстық ауруханада ота бөлмелері жетіспейді, кезек ұзақ, ал инженерлік желілер тозған. Жаңа медициналық мекеме 480 төсек-орынға есептелген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Облыстық ауруханада медициналық көмекке жүгінушілер саны көп. Жыл басынан бері қабылдау бөліміне 30 мыңнан астам адам келген. Қазір мекемеде ота жасайтын бөлмелер жетіспей, дәрігерлерге түсетін жүктеме артып отыр. Сонымен қатар бес медициналық ұйым қаланың әр шағынауданында орналасқан.
«Қазір ота бөлмелері аз. Соның салдарынан кезек көбейіп, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеме артып отыр. Бізде небәрі 16 бөлме бар. Жаңа ауруханада 42-ден астам ота бөлмесі болады. Сондай-ақ 7 мың бірлік медициналық құрал-жабдық қарастырылған», – деді көпбейінді облыстық аурухананың директоры Нұрлан Айманов.
Жаңа ғимаратта бес медициналық ұйымның жұмысын бір жерге шоғырландыру көзделген. Олар – көпбейінді облыстық аурухана, онкологиялық, перинаталдық, кардиологиялық және тері-венерологиялық орталықтар. Осылайша, науқастар қажетті медициналық көмекті бір мекемеден ала алады.
«Бұл ғимаратта бес медициналық ұйым орналасады. Олар – көпбейінді облыстық аурухана, онкологиялық, перинаталдық, кардиологиялық және тері-венерологиялық орталықтар. Соның арқасында науқастар қажетті медициналық көмекті бір жерден ала алады. Мұнда зертханалық зерттеулер мен диагностикалық тексерулер жүргізіледі. Жүрек пен қан тамырлары және нейрохирургиялық ота жасауға мүмкіндік болады», – деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Облыстық аурухана жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін босайтын нысандарға өзге медициналық ұйымдарды орналастыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жаңа аурухана құрылысы – өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жалғыз жоба емес. Петропавл мен облыс аудандарында өзге де медициналық нысандар салу және қолданыстағы мекемелерді жаңарту жоспарланған. Медициналық инфрақұрылымды дамыту – Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айқындалған міндеттердің бірі.