Халықаралық отбасы күніне орай Алматы қаласында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға арналған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Игі шараның басты мақсаты - көпбалалы және тұрмыстық қиындық көріп отырған отбасыларға қолдау көрсету, қоғамда жанашырлық пен өзара көмектің маңызын насихаттау.
Іс-шараны Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі ұйымдастырды. Акция аясында мегаполистегі 15 отбасыға қажетті азық-түлікке толы себеттер салтанатты түрде табысталды. Шара барысында аналарға арнайы сөз беріліп, олар ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын жеткізді. Кейбір аналар өмірлеріндегі қиын кезеңде жанынан табылып, қолдау көрсеткен жандарға ризашылығын айтып, көздеріне жас алды. Бұл сәт жиылған көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Қоғам белсендісі, Аналар кеңесінің мүшесі Анара Габбасова мұндай акциялардың маңыздылығына тоқталды.
— Бұл акция Халықаралық отбасы күніне арнайы ұйымдастырылып отыр. Біздің ұжым көпбалалы аналар мен отбасыларға аз да болса көмек көрсетуді мақсат етті. Ұсынылған азық-түлік себеттері олардың игілігіне жарасын деп тілейміз. Әрбір қазақстандық отбасыға денсаулық, бақыт пен амандық тілейміз. Мұндай қайырымдылық шараларын Отбасы күні, Аналар күні секілді мерекелерде жыл сайын өткізіліп тұрамыз. Отбасын қолдау, балаларға қамқор болу - қоғам үшін өте маңызды, -деді ол.
Шара барысында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ананың қоғамдағы рөлі, балаларға қамқорлық көрсету мәселелері де сөз болды.
Қайырымдылық акциясы қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, қамқорлық пен мейірімнің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті.