Оңтүстік өңірлердің барлығында көктемгі егіс жұмыстары басталды

Оңтүстік өңірлердің барлығында көктемгі егіс жұмыстары басталды Сурет: Gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық, шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz.

– Көктемгі егіс жұмыстары оңтүстік өңірлердің барлығында басталып кетті. Алайда, жергілікті жерлерде ұйымдастыру жұмыстары әлсіз. Жанар-жағармаймен және минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жүйелі түрде шешілмей отыр. Кейбір облыстарда Жол картасында бекітілген индикаторларды орындау бойынша ілгерілеушілік байқалмайды. Міндеттемелерді орындау қажеттігі туралы ескертулерімізді бірнеше рет жолдауға мәжбүрміз, – деді министр.

Вице-министр Ербол Тасжүрековтың айтуынша, облыстар әкімдіктерінің алдын ала мәліметтері бойынша, 2025 жылы жалпы егіс көлемі 23,7 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Атап айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16,6 млн га, майлы дақылдар – 3,3 млн га, картоп – 83,4 мың га, мал азықтық дақылдар – 3,3 млн га жерге егіледі.

Өңірлерге егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жандандыру және ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымы бойынша көрсеткіштерді қатаң сақтау тапсырылды. Дегенмен, Түркістан және Жамбыл облыстарында айтарлықтай кешеуілдеулер тіркелген.

Қазіргі уақытта 1,2 млн гектар жерге ылғал жабу, 1,1 млн гектарға тұқым себуге дейінгі өңдеу және 858 мың гектарға көктемгі жырту жұмыстары жүргізілді. Оңтүстік өңірлерде 529 мың гектар жерге егін егілді.

Егіс жұмыстарын сәтті өткізу үшін өңірлерге 401 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның 90,1 мың тоннасы жөнелтілді. Ауыл әкімдіктеріне келісімшарттарды уақтылы бекітіп, жанар-жағармайды жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 96% деңгейінде. Қазіргі таңда 139 мың трактор, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың сепкіш және 141 мың топырақ өңдеу құралы бар.

2,3 млн тонна дайындалған тұқымның 846 мың тоннасы тексерілді, оның 99%-ы кондициялы деп танылды.
612 мың тоннаға келісімшарт жасалған минералды тыңайтқыштың 358 мың тоннасы жеткізілді. Алайда, әкімдіктер мен өндірушілердің деректерінде алшақтықтар байқалып отыр. Осыған байланысты министр есептілікті сәйкестендіру және бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Кең дала» бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 450 млрд теңгеге 6,3 мың өтінім түсіп, 4,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды.

Биыл шегірткелердің таралуы 2,1 млн га аумақты қамтиды деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Жалпы, 38 млн га аумақты зерттеу жоспарланып отыр. Жұмысқа 4,6 мыңнан астам адам тартылатын болады.

Түркістан облысында 75,6 мың гектар жерде химиялық өңдеу жүргізілді, 256 техника жұмылдырылды. Жамбыл облысы 16 сәуірден бастап өңдеуге кіріседі.

Айдарбек Сапаров әкімдіктерге көктемгі дала жұмыстарының барлық кезеңдерін бақылауды күшейтуді тапсырды.

– Жол картасында белгіленген барлық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе тұқым сапасына, тұқым инспекторларының жұмысына, ресурстардың уақытылы жеткізілуіне және техникалық дайындыққа ерекше мән беру керек. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған: қаржыландыру, жеңілдетілген лизинг, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау шаралары қарастырылған. Енді өңірлерден нақты ұйымдастырушылық пен бақылау талап етіледі. Егіс жұмыстары агротехнологиялық талаптарға сәйкес әрі уақытында өтуі тиіс, – деді министр.

Сондай-ақ АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

– АӨК дамуы үшін инвестиция тарту – негізгі міндеттердің бірі. Алайда кейбір өңірлерде, әсіресе СҚО тәжірибесін тарату бойынша жұмыс баяу жүріп жатыр. Биыл жоспарланған инвестициялық жобаларды сапалы және уақытылы жүзеге асыру үшін барлық күшті салу қажет. Артта қалып жатқан облыстар белсендірек жұмыс істеуі керек. Барлық ескертулерді ескеріп, қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз етуді сұраймын, – деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:52

17:47

17:39

17:26

17:07

16:34

16:33

16:28

16:07

15:42

15:18

15:16

15:12

14:38

14:21

13:17

12:41

12:40

11:57

11:27

10:49

10:40

10:33

10:29

10:10