Қант диабеті ұзақ уақыт білдірмей дамып, біртіндеп қан тамырына, жүрекке, бүйрек пен көзге зақым келтіруі мүмкін, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс ем тағайындау асқынудың қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Қандай белгіге назар аудару керек, кімдер қандағы қант деңгейін үнемі тексертіп тұруы қажет және екінші типтегі диабеттің алдын алуға бола ма? Өңірлік коммуникациялар қызметінде эндокринолог дәрігерлер осы жөнінде толығырақ айтып берді. Бұл кездесу жыл сайын 14 қарашада атап өтетін Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай ұйымдастырылды.
Халықаралық диабет федерациясының мәліметінше, 2024 жылы әлемде 20 мен 79 жас аралығындағы 589 миллион ересек адам қант диабетімен ауырған. Бұл әр тоғызыншы адам деген сөз. Олардың шамамен 252 миллионы, яғни жартысына жуығы осы ауруға шалдыққанын білмеген. Дәрігерлер аурудың елеусіз өтуі өте қауіпті екенін айтады. Өйткені адам өзін сау сезінгенімен, қандағы қант деңгейінің жоғары болуы ағзаға біртіндеп зиянын тигізе береді.

Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-эндокринологы Светлана Казарянның айтуынша, соңғы жүз жылда қант диабетін емдеу саласында медицина едәуір жетістікке жеткен. Инсулиннің ашылуы бірінші типтегі диабетті өлімге әкелетін аурудан адам ондаған жыл бойы өмір сүре алатын созылмалы дертке айналдырды. Бүгінде эндокринологтардың міндеті қандағы қант деңгейін төмендетумен ғана шектелмейді.
«Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын инсулиннің ашылуы бірінші типтегі диабетпен ауыратын миллиондаған адамның тағдырын өзгертті. Бұған дейін бұл ауру өлім жазасымен тең болатын. Қазір мұндай диагнозы бар адамдар ұзақтау өмір сүріп, жұмыс істеп, отбасын құра алады. Алайда қазіргі эндокринологияның міндеті қандағы глюкоза деңгейін төмендетумен ғана шектелмейді. Біздің басты мақсатымыз – адамның көру қабілетін, жүрегі мен бүйрегінің саулығын, еңбек етіп, қалыпты өмір сүру мүмкіндігін ұзақ жыл бойы сақтауына барынша көмектесу», – деп түсіндірді Светлана Казарян.
Маманның айтуынша, бұл ауру адамның өміріне әсер етіп, қатты асқынғанда ол жұмыс істеп, өз бетінше өмір сүруден қалуы мүмкін. Әсіресе инфаркт пен инсультті қоса алғанда, жүрек-қан тамыры ауруы үлкен қауіп төндіреді.
«Қандағы глюкоза деңгейі ұзақ уақыт бойы қалыпты көрсеткіштен жоғары болса, қан тамырлары мен жүйкелер біртіндеп зақымданады. Адамның көруі нашарлап, бүйрек қызметі төмендеп, аяқтың басы ұйығандай күй кешуі мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамыры асқынуы өте қауіпті. Сондықтан ауруды емдеумен қатар, оның салдарының алдын алып, адамның белсенді әрі тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігін сақтау керек», – дейді Светлана Казарян.

Алматыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №28 қалалық емхананың дәрігер-эндокринологы Айман Ошанова аурудың алғашқы белгісіне назар аударды. Оның қатарында үнемі шөлдеу, ауыздың құрғауы, әсіресе түнде жиі зәр шығару, тәбеттің артуы, себепсіз арықтау, әлсіздік пен тез шаршау бар. Көрудің нашарлауы, жараның баяу жазылуы, тері мен саңырауқұлақ инфекциясының жиі қайталануы да алаңдатуы тиіс.
Алайда маман атап өткендей, екінші типтегі қант диабеті кезінде бұл белгілер мүлдем байқалмауы мүмкін.
«Қант диабетінің басты қаупінің бірі – бастапқы кезеңде адамның ешқандай белгі сезбеуі. Ол жұмысын жалғастырып, күнделікті тіршілігімен айналыса береді де, қандағы қант деңгейінің жоғарылағанын біайқамауы мүмкін. Ал осы уақытта ағзадағы өзгеріс қан тамырларына, бүйрекке, көз бен жүйке жүйесіне біртіндеп әсер етеді. Сондықтан адамның өзін жақсы сезінуі оның дені сау екенін білдірмейді. Тексеруден бас тартпау керек», – дейді спикер.
Дәрігерлер, әсіресе, 45 жастан асқандарға, сондай-ақ артық салмағы бар, аз қозғалатын немесе жақын туысы қант диабетімен ауыратын азаматтар денсаулығына ерекше көңіл бөлуі керектігін айтып отыр. Артериялық гипертензиясы және липид алмасуы бұзылған адамдар, сондай-ақ жүктілік кезінде диабетпен ауырған әйелдер де жоғары қауіп тобына жатады.
«Қатты шөлдеу, әлсіздік немесе басқа да белгілері пайда болғанша күтпеңіз. Әсіресе қауіп факторы бар адамдардың үнемі медициналық тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс. Талдау нәтижесінде предиабет анықталса да, бұл міндетті түрде қант диабеті дамиды деген сөз емес. Осы кезеңде тамақтану тәртібін өзгерту, дене салмағын азайту мен үнемі қозғалу і екінші типтегі қант диабетіне өту қаупін едәуір төмендетуге сеп болады», – деді Айман Ошанова.
Дәрігерлер екінші типтегі қант диабетінің алдын алу көбіне күнделікті өмір салтына байланысты екенін жеткізді. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану, тәтті сусын мен құрамында қанты көп өнімді шектеу, салмағын қалыпты деңгейде ұстау, барынша көп қимылдап, темекі шегуден бас тарту аурудың даму қаупін төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар артериялық қан қысымын бақылап, профилактикалық тексеруден да уақытылы өтіп тұру керек.
Мамандар қант диабеті үкім емес екенін еске салды. Қазіргі емдеу тәсілдері қандағы қант деңгейін бақылауға ғана емес, асқынулардың алдын алуға, өмірлік маңызды ағзаларды қорғауға және өмір сапасын сақтауға бағытталған. Ең бастысы – ауруды мүмкіндігінше ерте анықтап, денсаулығыңыз сыр бермей тұрып дәрігерге ертерек қаралып алу керек.