2026 жылы Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 29 жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматының Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы бір қоғамдық кеңістік жаңартылды. №11 шағынаудандағы №10 және №14Б тұрғын үйлерінің арасындағы сквер көркейтіліп, әр жастағы тұрғындарға арналған жайлы демалыс орнына айналды.
Жаңартылған сквердің аумағы шамамен 3 мың шаршы метр. Жобаның мақсаты – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, балалардың, жастардың және аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау.
Көркейту жұмыстары барысында балалар ойын алаңы, ашық аспан астындағы жаттығу алаңы және тынығуға арналған орындар жабдықталды. Сондай-ақ тұрғындарға арналған орындықтар мен әткеншек түріндегі орындықтар орнатылды.
Көгалдандыру жұмыстарына да баса назар аударылды. Шамамен 2 мың шаршы метр аумаққа көгал төселіп, сәндік ағаштар мен бұталар егілді. Жасыл желек сквердің көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың таза ауада демалуына қолайлы жағдай жасайды.
Қоғамдық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Енді тұрғындар бұл жерде кешкі уақытта да емін-еркін серуендеп, демала алады.
Жаңартылған сквер балалардың ойнап, жастар мен ересектердің спортпен шұғылдануына, ал аға буын өкілдерінің таза ауада тынығуына қолайлы жағдай жасайды.
Айта кетейік, 2026 жылы Әуезов ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 29 жоба жүзеге асырылды. Бағдарлама тұрғындардың ұсыныс енгізіп, аудан инфрақұрылымы мен қоғамдық ортаны дамытуға тікелей атсалысуына жол ашады.