«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы..?» - 2025 жылы өмірден өткен тұлғалар

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы..?» - 2025 жылы өмірден өткен тұлғалар Нұрболсын Өрістің коллажы

Қазақстан биыл да жылдар бойы ұлттық ғылымды, әдебиетті, журналистиканы, өнерді, спортты және мәдени мұраны қалыптастырған бірқатар айтулы тұлғаларынан айырылды. Аqshamnews.kz тілшісі жыл парағы жабылар тұста қазақ қоғамына мол олжа салып, аты тарихта қалған, биыл бақилық болған тұлғаларды тізімдеді.

Камал Сәруарұлы Ормантаев (11 қыркүйек 1936 жыл – 12 ақпан 2025 жыл)

1936-жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген.

Педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1968-2011 жылдары ҚазҰМУ-дың балалар хирургиясы кафедрасын басқарды, сонымен қатар Алматы медицина институтының педиатрия факультетінің деканы (1978-1980, 1989-1991) және Қазақстан Республикасының Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры (1919-1918) болды. Ол 20 мыңға жуық хирургиялық араласу жасап, Қазақстанда бірінші болып балалардың кеуде қуысының туа біткен деформациясына торакопластика жасады.

Әкім Ұртайұлы Әшімов (9 қыркүйек 1933 жыл – 22 сәуір 2025 жыл)

Әкім Тарази 1933 жылы Алматыда туған. Жазушының алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1966 жылы шыққан.

Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен  повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен.

Әкім Таразидің сценарийі бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының «Алтын қорына» енген.

«Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де  драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.

Әкім Тарази Н.Я. Бичуриннің «Ежелгі уақытта Орта Азияда өмір сүрген халықтар туралы мәліметтер жинағы» («Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена») және «Шыңғыс әулетінен шыққан алғашқы төрт ханның тарихы» («История первых четырех ханов из дома Чингизова») атты тарихи ғылыми-зерттеу еңбектерін, сондай-ақ, Ф. Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын қазақ тіліне тәржімалаған.

1994 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды, 1997 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды, 2002 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2011 жылы Прага қаласында Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығымен марапатталды. Сол жылы Англияда Ә. Таразидің «Қорқау жұлдыз» романы ағылшын тілінде жарық көрді. 2015 жылы «Отан» орденімен марапатталған. 2021 жылы өнер және әдебиет саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі үздік наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері атанған.

Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин (16 ақпан 1933 жыл – 3 желтоқсан 2025 жыл)

Жабайхан Мүбәрәкұлы 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысы, Май ауданы, Майтүбек ауылында өмір есігін ашты. Ол 4 томдық «Диалектикалық логика» еңбегінің авторы ретінде белгілі. Ғалымның басқаруымен диалектикалық логиканың категориялары, заңдары мен принциптерін тереңірек зерттеуге арналған ұжымдық монографиялар да жарық көрген.

Жабайхан Әбділдин 10 ғылым докторы мен 40-қа жуық ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған.

Мемлекеттік сыйлықтың, «Парасат» және ІІ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері.

Дулат Исабеков (20 желтоқсан 1942 жыл – 21 ақпан 2025 жыл)

Дулат Исабеков - 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жж. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жж. «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жж. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1976-80 жж. «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, 1980-88 жж. ҚР Мәдениет минстрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы, 1988-97 жж. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1997 жылдан Мәдениеттану ғылыми институтының директоры болған. Бүгінгі таңда республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры.

1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетiнiң үш нөмiрiне жарияланып, жас жазушыны оқушы қауымға кеңiнен таныстырды.

«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын»(роман, 1980) т.б. кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық  күзетшiсi»  секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар  тас»  (1975), «Дермене»  (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген. Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы.

Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз Қазақ ПЕН-клубы мен платиналы «Тарлан» сыйлықтарының, «Достық», «Құрмет» орденiнің иегері. Қазақстанның Құрметті жазушысы.

Күләш Ділдәқызы Ахметова (25 сәуір 1946 - 14 қараша 2025)

Күләш Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда туған. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУді тамамдаған.

Ақынның әр жылдары “Ақ гүлім менің”, “Сен менің бақытымсың”, “Бұлақтағы жұлдыздар”, “Мейірім”, “Жапырақ – жаздың жүрегі” атты өлеңдер жинағы оқырманға жақсы таныс.

1978 жылы «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді

2006 жылы «Құт» кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

«Болашақ» поэмасы үшін К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері

2006 жылы - Құрмет ордені

2017 жылы - Парасат ордені

Жамбыл облысының құрметті азаматы

ҚР көптеген мерекелік медалдарымен және президенттің алғыс хаттарымен марапатталған

ҚР тұңғыш президенті - елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әдебиет саласындағы мемлекеттік және президенттік степендияларының иегері.

Сейіт Асқарұлы Қасқабасов (24 маусым 1940 жыл – 28 сәуір 2025 жыл)

Әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы.

1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшысы, әрі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы.

1981-1983 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер.

1983 жылдан Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

1989 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.

1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде консультант қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болған және саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов,М.Жұмабаев, М.Дулатов, т.б. арыстарымызды ақтау жұмысына қатысып, қажетті құжаттарды дайындаған.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин (2 ақпан 1940 жыл – 9 қаңтар 2025 жыл)

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол - тарихшы, жазушы, қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Түркияның Халықаралық "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығының сахибы.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген, Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізген.

1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық қызметте, 1988 жылы "Жұлдыз" журналының бас редакторы болды.

Темірхан Медетбек (6 наурыз 1945 жыл– 9 мамыр 2025 жыл)

1945 жылы 6 наурызда Аманкелді атындағы колхозда (казіргі Нұртас ауылы) Түркістан ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Ол орта мектепті Түркістан қаласында бітіргеннен кейін екі жылға жуық туған ауылында колхозшы, сонан кейін бір жылдай аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген.

Алматыдағы Абай атындағы институттың филология факультетінде оқыған, республикалық телевидениеде қатардағы редактор болған.

Жетпісінші жылдардың басында Маңғыстаудағы бірқатар геологиялық-барлау экспедицияларында жұмысшы боп, 1973 жылы Маңғыстау облысы ашылғаннан кейін облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі міндетін атқарушы болып жұмыс істеген.

Республикамыз тәуелсіздік алар алдындағы тұста, яғни 1990 жылы, сондай-ақ тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы кезеңде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, сонан кейін Маңғыстау облыстық радио және телевидение комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Медетбек Темірхан 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып сайланды.

Ол 2003 жылы Республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ал 2006 жылы республикалық «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы болып тағайындалды.

Медетбек Темірхан көптеген кітаптардың авторы. Оның «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны» жыр жинақтары мен «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сан кітаптары жарық көрген.

Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған. Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан жазушылар одағаның, Бейбарыс атындағы сыйлықтардың лауреаты.

Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев (7 қаңтар 1951 жыл - 4 тамыз 2025 жыл)

Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ол – Қазақстанның және әлемнің әйгілі ұшқыш-ғарышкері, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы.

Ол авиация саласында еңбек жолын бастаған. Әуелде ұшқыш-инженер болып, кейін сынақшы-ұшқыш ретінде қызмет етті. 1991 жылы Кеңес Одағының ғарышкерлер қатарына қабылданған.

Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшқан:
• 1994 жылы “Союз ТМ-19” кемесімен,
• 1998 жылы “Союз ТМ-27” және “Мир” орбиталық кешенімен,
• 2001 жылы “Союз ТМ-32” кемесімен халықаралық ғарыш станциясына.

Ол ашық ғарышқа бес мәрте шыққан, бұл – ТМД елдері ғарышкерлері арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ғарыштағы жалпы ұшу уақыты – 341 тәуліктен асады.

Мұсабаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде де қызмет атқарды.

Марапаттары мен атақтары:
• “Қазақстанның Халық қаһарманы” (1995),
• “Ресей Батыры” (1994),
• “Қызметі үшін” ордені.

Мекемтас Мырзахметұлы (9 мамыр 1930 жыл – 11 қаңтар 2025 жыл)

Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) филология факультетін (1953), оның аспирантурасын (1964) бітірген. 1953–1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректор;

1969–75 жылдары ҚазПИ-де доцент, 1975–91 жылдары Қазақстан ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1991–2000 жылдары арасында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі‚ Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зертттеу орталығының директоры;

2002–2003 жылы Түркітану ғылыми-зертттеу институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан М.Х. Дулат атындағы Тараз мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және "Түркі халықтары әдебиетінің тарихы” ғылыми-зертттеу орталығының директоры, “Бауыржантану” ғылыми-зертттеу орталығының бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарды.

Абай мұрасындағы мораль философиясының негіздері оның исламға, адамгершілік мұраттарына қатысты зерттеліп ашылды. Қараханидтер заманынан бастау алған кемел адам мәселесі Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” дастанында қамтылып, Ясауидің “хал ілімі” (камили инсани) арқылы негізделіп, Абайдың “толық адам ілімі” арқылы дәстүрлі жалғастық тауып даму жолдары жәуанмәртлік, яғни иманигүл(үш сүю) жайындағы Абай танымдары негізінде талданып‚ бір жүйеге түсірілді.

Қазақ әдебиетінің түрлі салаларынан мамандар даярлап, отыздан астам кандидат диссертация қорғатты. Абайтанудың библиография көрсеткіштерін құрастырып (1965, 1988, 1995) алғы сөздерін жазды. “Абай” энциклопедиясы мен М.Әуезовтің 20 томдық, 50 томдық шығармалар жинағын шығаруға атсалысты.

Исраил Сапарбай (15 мамыр 1941 жыл – 18 шілде 2025 жыл)

1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқанд облысындағы Кушрабад ауданында туған.

Шымкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң, бірнеше жыл Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген. 1973–1975 жж. Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1976–1983 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан. 1984 - 1985 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі, 1985–1992 жж. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары, 1997–1998 жж. Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің І хатшысы, 1998–1999 жж. Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты.

Шығармалары: Аққу арман. А., «Жалын», 1976; Раушан ғұмыр», А., «Жалын», 1978; Бозқараған. А., «Жалын», 1980; Қызыл-жасыл дүние. А., «Жалын», 1984; Жүрегіме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер. А., «Жалын», 1986; Қызыл жел. Өлеңдер. А., «Жалын», 1998; Ғашықтың тілі. Өлеңдер, А.; Бармақтай бақ. Өлеңдер. А., «Рауан»; Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер. А., «Атамұра»; Тар төсекте төсіңді. А., «Дала».

Дариға Тілендиева (4 тамыз 1946 жыл – 11 наурыз 2025 жыл)

Дариға Тілендиева 1946 жылы 4 тамызда Алматы облысы Көксу ауданында дүниеге келген. «Қазақфильм» киностудиясының 2 жылдық курсын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын 1980 жылы бітірген. Алғаш рет «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Құлагер», содан кейін «Ақ машина», «Алты жасар Алпамыс», «Қоштасқым келмейді», «Жамбылдың жастық шағы», тағы басқа көркем фильмдерінде әр түрлі рөлдерді сомдады.

1993-2010 жылдар аралығында Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінде конференьсе қызметін атқарды. Сонымен қатар Дариға Тілендікеліні «Қайран менің Нұрекем», «Қазақстан Республикам менің», «Қараталым», «Махамбет баба» атты көптеген ән-күйлердің авторы.

Ғалым Доскен (19 шілде 1960 жыл – 11 қараша 2025 жыл)

1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист. Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. 2001–2002 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» жабық акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2002–2006 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның президенті болды. 2007 жылдан бастап «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

Ол көптеген деректі және көркем фильмдердің авторы: «Ожидание света» («Жарықты күтумен»), «Столицы Великой степи», «Сны пантеонов Маңғыстау», «Хроника утраченного света», «Цветные болезни». Сондай-ақ «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билеген құс» кітаптарын жазған, «Жезтырнақ» балетінің либреттосын әзірлеген және бірнеше аудармалар жасаған.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат (11 қараша 1959 жыл – 30 Қазан 2025 жыл)

1959 жылы қарашада Атырау облысы Қосшағыл ауылында дүниеге келген. 1978-1983 жылдар аралығында қазіргі ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған. 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып істеген.

1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 жылы «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2006-2007 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 жылдары «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 жылға дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді.

Ол «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы.

Асанәлі Әшімұлы Әшімов (8 мамыр 1937 жыл – 21 желтоқсан 2025 жыл)

Кеңестік және қазақстандық кино, театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор.

Қазақ КСР халық артисі (1976), КСРО халық артисі (1980). Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі. Қазақстанның Еңбек Ері (2017).

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: М. Әуезовтің "Абайында" Керім, "Еңлік-Кебегінде" Кебек, "Қара қыпшақ Қобыландысында" Айшуақ, "Таңғы жаңғырығында" Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Қодар, Қ. Мұхамеджанов, Ш. Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, М. Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламан, И. Вовнянконың "Апатында" бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г. Гауптманның "Ымырттағы махаббат" драмасындағы доктор Клаузен.

Ол кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров (“Атаманның ақыры», 1971), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Трансібір экспресі») және өзге де рөлдерімен ұлт өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:49

10:34

10:29

10:23

10:14

09:55

09:43

09:39

09:30

09:10

09:06

08:52

08:30

19:23

18:00

17:50

17:40

17:15

17:06

16:50

16:41

16:29

16:08

15:43

15:30