Таңжарық ТҮСІПҰЛЫ
Бір ұлттың мәдениеті сол ұлттың тарихи даму барысында қалыптасып, ортақ игілікке деген ұмтылысымен әрленіп толысады. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана арқылы айшықталып, айқын ұлттық түс алып бір бірінен парықталады. Мәдениетіміздің мәйегі саналатын наурыз мерекесі жайында этнограф-ғалымдар жағынан түрлі ғылыми көзқарастар ортаға салынып келеді. Әйтсе де мазмұны бай бұл құндылықты әр қырынан толықтыра түсу артық етпейді.
«Наурыз» парсыша жаңа күн, яғни жылдың басын білдіреді. Қазаңтың байырлы жыл санауымен наурыз «Бірдің айы», ал қазіргі жыл санаумен 3-ші айдың 22 күніне тура келеді. Күн мен түннің теңелетін осы күнді ежелгі жұртымыз айрықша қадірлеп, «Қадыр түні» етіп те тойлап келген. Қуаныш дастарханын жайып, үлкен-кіші бас қосып «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілек тілескен. Бұл күннің халық арасында қадірлі болғаны сонша, барлық адам таза, ретті киініп, көңілді жүруге тырысқан. Тіпті өзара араздығын ұмытып, бір бірінен кешірім-ғафу сұрап, қол алысып төс қағысып көріскен. Ұлтыстың ұлы күнінде ескі өкпе-араздығын ұмытпай, ренішін сақтаған адамға ауыр кінә тағып, топты жиынға қоспай жалғыз қалдырған. Мұндай адамды әлеуметтік ортадан оқшаулап, қайырылып қараспаған. Осының өзі Наурыз мерекесінің жұрт жүрегінен орын алып, айрықша құрметке, қадірге ие болуына әсер етсе керек.
Наурыз – жыл басы
Наурыз шын мәнінде жаңа жыл тойы, «табиғаттың мейрамы». Ұлыстың ұлы күні деген атымен тұтас көшпелі қазақ даласына кеңінен тарап, орныққан ежелі мереке. Оның сан мың жылдық уақыт сынынан өтуіне ізгілік, жақсылық, мейірімділікті, өзара жанашырлықты нәсихаттауында.
Бұл мерекеге қатысты көптеген ұлттық дәстүрлер қалыптасқан. Олардың қатарына "Наурыз той", "Наурыз көже", "Наурыз жұмбақ", "Наурыз бата", "Наурыз тілек", "Наурыз жыры" сынды ғұрыптық салттар, фольклорлық жанрлар, сондай-ақ, "Әз-Наурыз", "Қыдыр ата", "Самарқанның көк тасы" сынды мифтік, сакральді ұғымдар да қалыптасқан.
Халқымыз наурыз айын ерекше құрметтеген. Наурыз айында дүниеге келген балаларды бақытты санап, оларға Наурызбай, Наурызхан, Наурызгүл сияқты есімдер берген. Сондай-ақ, наурыз күні туған малды "төл басы" деп ерекше бағалап, малының «сетері» деп қараған.
Наурыз көже
Наурыз мерекесінің ең басты белгісі – Наурыз көже. Ол жеті түрлі дәм қосылып жасалады. Бұл көжені адамдар тілек айтып, бірге ішеді. Наурыз көже бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт және судан дайындалады. Көженің жанында қазы-қарта, жал-жая, бас-сирақ секілді дәстүрлі ет тағамдары да ұсынылады. Оның құрамындағы азық-түліктің саны жеті болуы шарт. Бұл – кең пейілділіктің, қонақжайлықтың белгісі. Бұл тағы қазақтың «жеті» санына айрықша мән беруімен де қатысты. Наурыз көженің жеті дәмінен тыс, "жеті жоқ", "жеті жұт", "жеті дария", "Жетісу", "жеті ру", "жеті амал", "жеті қабат жер", "жеті ата", "жеті күн", "жеті қазына", "жеті жарғы", "жеті ғашық" деген ұғымдар бар.
Наурызға қатысты дәстүрлер
Наурыз бата – Ақсақалдар мен ел ағалары мереке күнінде елге, өнер көрсеткендерге және жалпы халыққа арнап бата береді.
Наурыз тілек – Мереке күні дос-жаран, туыс-туған, көршілер бір-бірінің үйіне кіріп, жақсы тілектер айтып, дәм татады.
Наурыз жыры – Бұл мерекеге арналған бата-тілек, әзіл-қалжың, мадақтау жырлары. Бұл – ауыз әдебиетінің бір түрі.
Наурыз жұмбақ – Мерекелік жиындарда өлеңдетіп айтылатын жұмбақтар. Олар көбіне табиғатқа, ауа райына, күн мен түнге қатысты болып келеді.
Наурыз төл – Бұл айда мал төлдейді. Осы кезеңде туған төл "төл басы" деп аталып, ерекше күтімге алынады.
Наурыз көк – Наурыз айында ұшып келетін кішілеу қара көк құсты "киелі" санап, қорғаған.
Наурыз шешек – Наурызда гүлдейтін ерекше әсем өсімдік. Оны үйде өсірген.
Наурызша – Наурыз айында жауатын ерекше үлпілдек қар. Бұл – көктемнің жақындағанының белгісі.
Саумалық – Күн жылынғанда, алғашқы күн күркірегенде ел үйлерін айналып, ақ шашып, "ақ мол болсын" деп тілек тілеген.
Наурыз – халықтық мереке
Наурыз – ғылыми жүйеге түскен бұқаралық мереке. Оның бойында құқықтық нормалар, моральдық әдет-ғұрыптар көрініс табады. Бұл күні адамдар сәнді, таза киініп, үйде отырмай, далаға шығып, көше аралайды. Көрші-қолаң, туыс-туған, дос-жарандардың үйіне кіріп, наурыз көже ішіп, бата алады.
Бұл күні адамдар реніштерін ұмытып, бір-бірінен кешірім сұрайды. Жаман сөздер айтылмайды, ұрыс-керіс болмайды. Тіпті, темекі шекпейді, ішімдік ішпейді.
Мереке алдында әр үй тазаланады, үй жануарларына қамқорлық жасалады. Ағаш отырғызылып, гүл егіледі. Ата-баба рухына құран бағышталады. Үлкендерге құрмет көрсетіліп, жастар үлкендерге мерекелік сәлем береді.
Қазақ халқы үшін Наурыз – бірлік пен татулықтың, жаңа өмірдің бастауы. Бұл мейрам халықтың ұлттық санасын жаңғыртып, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін ерекше күн.