28 сәуір күні Алматыдағы Narxoz Business School алаңында «Инклюзия – заманауи қоғамның құндылығы» атты конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараны IDSport Federation және InCare жобасы ұйымдастырып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау бағытында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар бір алаңға жиналды. Конференция Алматы қаласы әкімдігіжәне Алматы қаласын дамыту орталығының қолдауымен өтті.
Шара республикалық форматқа ие. Конференцияға еліміздің әр өңірінен сала мамандары келді. Бұл аймақтардағы тәжірибені ортаға салып, өзара ақпарат алмасып, ортақ шешім іздеуге мүмкіндік берді. Мұны интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы президенті әрі Алматы қаласын дамыту орталығы Жобаларды басқару дирекциясының жетекшісі Дина Темірғалиева атап өтті.
«Инклюзияны тек сөз жүзінде талқылап қою жеткіліксіз. Басты міндет – ерте қолдаудан бастап жұмыспен қамтуға дейінгі барлық кезеңді қамтитын нақты әрі жұмыс істейтін жүйе қалыптастыру. Бұл – ерекше жағдай жасау емес, әр адамға тең мүмкіндік беру туралы», – деді ол.
Конференция бағдарламасы инклюзияның бірнеше негізгі бағытын қамтыды. Қатысушылар еңбекке араласу мүмкіндіктерін кеңейту, инклюзивті туризмді дамыту, спорттың әлеуетін пайдалану және құқықтық мәселелерді талқылады. Соның ішінде «Пионер» инклюзивті тау курортының тәжірибесі ерекше назар аудартты. Бұл жерде аутизм спектрі бар балалар тау спортымен айналысып, ортаға бейімделу мен өзіне сенімділікті қалыптастырады. Жиында ерте араласу мәселесі де көтерілді. Қазақстанда бұл бағытты 90-жылдардан бері жүйелі түрде дамытып келе жатқан мамандардың бірі әрі бірегейі Майра Сулеева тақырыпқа кеңінен тоқталды.
«Балаға дер кезінде көрсетілген қолдау оның болашағына тікелей әсер етеді. Ерте араласу арқылы бала білім алып, қоғам өміріне араласуға мүмкіндік алады. Инклюзиясыз қоғам өзінің адамдық негізін жоғалтуы мүмкін», – деді ол.
Конференцияның екінші бөлігі «Инклюзивті қоғамның болашағы: зерттеулер, технологиялар және жұмыспен қамту» тақырыбындағы панельдік талқылауға ұласты. Бұл бөлімде әр саладағы тәжірибені қалай біріктіруге болатыны сөз болды. Ғылыми зерттеулер, цифрлық шешімдер және еңбек нарығы бір-бірінен бөлек емес, өзара байланыста жұмыс істеуі керек екені айтылды. Қатысушылар көмекші технологияларды дамыту, қолжетімді цифрлық орта құру, жұмысқа қабылдау үдерістерін бейімдеу және бизнестің рөлін күшейту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ білім алудан бастап жұмысқа орналасуға дейінгі жолды жеңілдету, осы арадағы кедергілерді азайту қажеттігі айтылды. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектордың үйлесімді әрекеті шешуші рөл атқаратыны атап өтілді.
Іс-шара соңында қатысушыларға QR-код арқылы өз ұсыныстары мен сұрақтарын жолдау мүмкіндігі ұсынылды. Жиналған барлық пікірлер мен бастамалар жүйеленіп, мемлекеттік органдарға жолданады.