Алматыдағы Махатма Ганди саябағы жөндеуден кейін адам танымастай өзгеріп сала берді. Бүгінде саябақ маңайда тұратын алматылықтардың, әсіресе, зейнеткерлер мен жас аналардың, сонымен қатар студенттердің сүйікті демалыс орнына айналған.
Алмалы ауданы әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылы Ганди атындағы саябақта қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаяу жүргіншілер аймағының бойында ыңғайлы демалу үшін әткеншектер, орындықтар қойылған. Ашық ауада әуесқойлар үшін шатыр астындағы тренажерлармен бірінші дәрежелі аймақ жасалды. Ол жерде кез-келген ауа-райында спортпен айналысуға болады. Теннис ойнауға арналған үстелдер, ыңғайлы жүгіру жолдары бар. Жаяу жүргіншілер жолдары асфальтталып, кеңейтілді. Шахмат немесе үстел ойындарын стильді жаңа жарықтандырылған үйшіктерде ойнауға болады. Кішкентай балаларға арналған Ойын алаңы салынды. Саябақтың ортасында, Ганди ескерткішінің жанында брусчатка толығымен жаңартылды. Саябақ жаңарып, жақсарғаннан кейін мұнда демалуға келушілердің саны арта түскен. Бүгінде паркке күн сайын шамамен екі мыңнан астам адам келеді.
Айта кетейік, М.Ганди атындағы саябағын абаттандыру жұрыстары бір ай ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілді. Жаңғырту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қаражат бөлінген.
Жаңарған демалыс аймағын көруге барған тілшілердің назарына әткеншектерде балаларын ойнатып жүрген әжей анадайдан көзге түсті. Өзін Ағайша деп таныстырған әжей немересін ойнатып жүр екен.
– Ой, айналайындар, мына саябақ жанның рахаты болды. Келін-бала жас, жұмыстарын істесін. Мен міне, немеремді өзім қараймын. Саябақты жөндегелі бері осы жерден шықпаймыз. Мұнда барлығы бар. Өзім де демаламын, немереме де қызық. Кейде өзім қатарлы жандармен отырып әңгіме-дүкен құрамыз. Зерікпейсің дегенім ғой. Саябақты заманына қарай, тамаша жасапты. Барлық жағдай бар мұнда. Бізге бұдан артық не керек дейсің, қарағым. Еңбектерің жемісті болсын! Алматымыз көркейе берсін! – дейді Ағайша әжей.
Сәл жүргенімізде орындықта отырған бір топ жасты кездестірдік. Олар да саябақтың қала тұрғындарына, әсіресе жастар үшін қолайлы жасалғанын жарыса айтып берді.
– Саябақта жастар үшін де жағдай жасалған екен. Кейде сабақтан бос уақытымызда қайда барарымызды білмей кететініміз бар. Мына жер құдды бір біз үшін жасалғандай. Ұсақ-түйекке дейін мән беріліпті. Бірнеше жерде биотуалет орнатылыпты. Ол да мәселе ғой, әйтпесе. Бір байқағанымыз, мұнда тазалық пен тәртіпке қатты мән берілген. Жұмысшылар жерге жапырақ түсірмей жинап алып отырады екен. Қараңызшы, айналамыз тап-таза! Мұндай жерде өмір сүрудің өзі бақыт қой!
Айта кетейік, М.Ганди атындағы саябақ ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында салынған. 2003 жылдың қазан айында саябақтың шығыс бөлігінде үнді халқының саяси және қоғам қайраткері Махатма Гандиге ескерткіш қойылған. Кейін ескерткіш орнатылғаннан соң саябақ сол тұлғаның құрметіне орай қазіргі атауын алған.