Бүгін Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің кавалері, дәулескер домбырашы, көрнекті композитор, дирижер, ұлағатты ұстаз, профессор Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Қаршыға Ахмедияров: орындаушылық өнері, ғылыми-педагогикалық мұрасы және домбыра мектебінің дәстүрлері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алқалы жиынға Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Татарстан және Ұлыбританиядан келген белгілі өнертанушылар, ғалымдар, ұстаздар мен дәстүрлі музыка мамандары қатысты. Конференция барысында Қаршыға Ахмедияровтың күйшілік мұрасы, орындаушылық шеберлігі, композиторлық қолтаңбасы, ұстаздық қызметі және домбыра мектебін дамытудағы орны жан-жақты қарастырылды.
Осы жиын аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі К.С.Матыжановтың атынан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кітапхана қорына 12 түрлі кітап (жалпы 77 данасы) табысталды. Бұл игі бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау аясында жүзеге асырылды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Қошқарбекқызы Тасбергенова: «Бұл ғылыми қазына – білім саласына қосылған құнды үлес әрі келешек ұрпаққа қалатын тағылымды мұра. Рухани маңызы зор басылымдар білім алушылар мен зерттеушілердің игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деп, институт ұжымына ризашылығын білдірді.

Қазақ тарихын күй тілімен сөйлетіп, жаңашыл күйшілік дәстүрдің негізін қалаған өнер тарланына арналған тағылымды жиын «Күй кемеңгері – Қаршыға» атты концертпен қорытындыланды. Кеш барысында Қаршыға Ахмедияровтың өлмес туындылары орындалып, көрнекті күйшінің жарқын бейнесі мен шығармашылық мұрасы домбыра үнімен қайта жаңғырды.

Ахмет Жұбанов дәуірінен бастау алған Әдебиет және өнер институты мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы арасындағы шығармашылық байланыс рухани әрі ғылыми ынтымақтастық негізінде сабақтасып келеді. Ұлттық өнер мен ғылымды тоғыстырған бұл серіктестік алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа ізденістер мен игі бастамаларға жол ашсын!
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор