Мерекеге орай Оқу-ағарту министрлігі ұстаздарға қандай сыйлық жасауға болатынын айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Бұл күні ұстаздарға гүл сыйлау – жақсы дәстүр», деп атап өтті министрлік.
Алайда ол міндетке, жарысқа немесе ата-аналарға қосымша шығын әкелетін себепке айналмауы тиіс.
«Бастысы – гүл шоғының көлемі немесе бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау туралы шешім әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болуы керек. Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және ата-аналарға мұндай міндет жүктемеуі тиіс», делінген хабарламада.
Оқу-ағарту министрлігі оқушыларға сыйлық ретінде ұстаздарына алғыс білдіретін бейнеролик түсіруді де ұсынды. Мұғалімі туралы фото, бейнеролик немесе оқиғаны әлеуметтік желілерде #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялауға болады.
Сондай-ақ ұстазға хат немесе ашықхат жолдап, алғыс сөздерін жеке айтуға болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда еліміздегі 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді.