МЮНХЕН ҚАУІПСІЗДІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ

МЮНХЕН ҚАУІПСІЗДІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ www.dw.com

Еуропа мен АҚШ арасында қалыптасқан тарихи байланысқа сызат түсті

Мюнхен қауіпсіздік конференциясы алғаш рет 1963 жылы, қырғи-қабақ соғыс барысында ұйымдастырылған еді. Негізі бастамашыл неміс баспагері және фашистік режимге қарсы күрескер Евальд-Генрих фон Клейст Шменцинг «Қорғаныс конференциясы» деген атаумен НАТО елдері арасында қорғаныс және қауіпсіздік саясатын талқылауға арналған алаң ретінде ашқан болатын. Бүгінде аталмыш Мюнхен қауіпсіздік конференциясы 61-рет ұйымдастырылып отыр. Қауіпсіздік конференциясы аясында 200-ден аса пікір алмасу шаралары, басқосулар өтті. Биылғы бұл жиынның негізгі ресми тақырыбы – Жаһандық қауіпсіздік мәселелері, демократиялық тұрақтылық және климаттық қауіпсіздік деп мәлімделгенімен, екі күндік қауіпсіздік конференциясы аясында Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер болашағы, Еуропаның қорғаныс дербестігі, Украинаға қауіпсіздік кепілдігі, және т.б. жаһандық тұрақтылыққа төнетін қатер негіздері талқыланды. Әрине, аталмыш халықаралық конференция аясында талқыланып, дүйім жұрттың назарын аударған мәселелердің әсері Орталық Азия елдерінде ықпал етері сөзсіз. Сондықтан бұл мақаламызда жаһан жұртының назарын аударған дәстүрлі Мюнхен қауіпсіздік конференциясында көтерілген мәселелерді талдап көрелік.

• 2025 жылғы 61-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясына 50-ден астам мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ 150 министр қатысты. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эмманюэль Макрон және НАТО бас хатшысы Марк Рютте мәлімдемелер жасады.

• В.Зеленский «Еуропа Одағы елдерінің қатысуынсыз өткен кез келген келісім, Ресей мен Украина арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік орната алмайды» деп мәлімдеді.

• Апта басында Ақ үй басшысы Д.Трамп Украинадағы бейбітшілік мәселесі бойынша Сауд Арабиясында кездесуіміз мүмкін деп мәлімдеген. Аталмыш кездесуге Еуропалық Одақ мүше елдерінің қатысуы мүмкіндігі әзірге белгісіз.

• АҚШ пен ЕО елдерінің Украинадағы соғысты тоқтату бойынша ұстанымдары әртүрлі болып отыр.

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ

Қаңтар айында ресми түрде қызметке кіріскен Д.Трамптың командасы өткен жылы сайлауалды бағдарламасында берген уәдесін орындау мақсатында Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік келісімге қол қоюды тездетуге тырысуда. АҚШ-тың вице-президентінің Мюнхен конференциясындағы мәлімдемесін үш бағытқа бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, ол Еуропа елдеріндегі радикалды солшылдарды сынға алып, сөз бостандығы мен миграциялық саясат туралы өткір пікір айтты. Екіншіден, АҚШ тарапы Ресеймен бейбіт келісім мүмкін болмаған жағдайда экономикалық және әскери қатаң шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Келесі аптада Германияда парламент сайлауы өтетіндіктен, Джей Ди Вэнстің кейбір мәлімдемелері Еуропалық Одақ елдерінің ішкі істеріне араласу деп бағаланып, Германиялық шенеуніктер тарапынан сынға ұшырады. Сонымен қатар, Мюнхенде Д.Трамптың Украинадағы соғысқа байланысты арнайы өкілі Кит Келлогг Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік келісімге Еуропалық Одақ елдерінің қатыспайтынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме тек Украина билігі үшін ғана емес, бүкіл Еуропалық Одақ елдері үшін де дипломатиялық соққы болды. АҚШ пен ЕО елдерінің Украина бойынша ұстанымы стратегиялық тұрғыда айтарлықтай қарама-қайшылықта қалып отыр.

БІРТҰТАС ЕУРОПАЛЫҚ АРМИЯНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Украина үшін ортақ келісімге келмеу кез келген бұрыс келісімге қарағанда тиімді. Д.Трамптың өзі бастамашыл болып, Украинаның ту сыртынан ресми Мәскеумен талқылау жүргізуі Еуропалық Одақ елдерін екіұшты ойда қалдырды. Соғыс басталғалы бері В.Зеленский өз мәлімдемелерінде, егер Украина бұл соғыста жеңілсе, Еуропалық Одақ елдеріне тікелей қауіп төнетінін бірнеше рет айтты. Сондықтан Еуропалық Одақ елдерінің қатысуынсыз жасалған кез келген келісімнің ұзақ мерзімді мәні болмайтыны анық. В.Зеленский Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында «Біртұтас Еуропалық армияның» құрылуы туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Еуропа елдері, Украинаны қоса алғанда, болашақта кез келген әскери шабуылға дайын болу үшін өзінің континенталдық әскерін қалыптастыруы қажет. 61-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы барысында жаһандық қауіпсіздік, демократиялық тұрақтылық және климат мәселелері талқыланғанымен, негізгі назар Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс пен Еуропаның қорғаныс стратегиясына аударылды. АҚШ пен Еуропа елдері арасында бұл мәселеге байланысты стратегиялық айырмашылықтар анық байқалды. АҚШ Украина жеріндегі соғысты Ресеймен келіссөз арқылы тезірек шешуге тырысса, Еуропалық Одақ елдері аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан мәселені қысқа мерзімді шешімдер арқылы емес, тереңірек қарастыруға мүдделі. Украина үшін соғыстың ұзаққа созылуы қандай да бір бұрыс келісімге қарағанда тиімді болып көрінгенімен, бұл жағдай Еуропа елдерін ортақ шешім табуға, жалпы Еуропалық біртұтастық рухын қайта оятуға итермелегендей. Мюнхен конференциясы тек Еуропа мен АҚШ арасындағы саяси айырмашылықтарды айқындап қана қоймай, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолында жаңа қадамдар жасауға серпін беріп отыр. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғалы бері тек дипломатиялық келіссөздер арқылы келісімге келуді қолдайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Мемлекет басшысы Д.Трамп пен В.Путин арасындағы телефон арқылы басталған саяси диалогтың орнағанын оң бағалап: «Біздің ұстанымымыз жүзеге асуда. Екі ірі держава саяси диалогты бастады. Бұл оң үрдіс, ол Қазақстан үшін де пайдалы болады. Сондықтан біз бұл үрдісті қолдауымызды жалғастырамыз», – деп пікір білдірген еді. Қалай десек те, кез келген соғыстың шешімі – дипломатия мен келіссөздер. Себебі, ертедегі тәмсілдегідей, соғыс жер қозғалғандай ауыр сынақ: жеңімпаз да, жеңілген де болмайды, екі тарап үшін де шығынға толы болады. Сондықтан дипломатиялық батыл шешімдер қабылдайтын уақыт келді деп санаймыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
1
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:29

17:24

17:20

17:14

17:09

17:00

16:56

16:48

16:47

16:46

16:44

16:39

16:38

16:31

16:26

16:25

16:21

16:17

16:16

16:11

16:08

16:07

16:04

15:59

15:58