Мағжан Жұмабаевқа арналған Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары студент жастарының халықаралық слеті өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 23 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облыстық «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» филиалының ұйымдастыруымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі және Ш. Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығы қолдауымен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы жастардың қатысуымен «Ұлы көш – 35 жыл» іс-шаралар кешені аясында Мағжан Жұмабаевқа арналған Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстары студент жастарының халықаралық слеті өткізілді.
Аталған слет — М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Foundation» факультетінің тыңдаушылары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы студенттері және Омбы облысының студент жастары қатысқан мәдени-танымдық әрі рухани-ағартушылық іс-шара болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасындағы тарихи-танымдық байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлы ақын әрі «Алаш» қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тарихи және киелі орындарымен таныстыру болды.
Іс-шара барысында қатысушылар Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылына барып, өңірдің тарихи-мәдени нысандары және киелі жерлерімен танысты. Сапар барысында жастар туған өлкенің тарихы, рухани құндылықтары мен халықтың мәдени мұрасы туралы мазмұнды мағлұмат алды.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстарының студент жастарының қатысуымен Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық және рухани мұрасын насихаттауға арналған кездесу өтті. Кездесу барысында ұлттық тәрбие, руханият, тарихи сана және мәдени құндылықтарды сақтаудағы жастардың рөлі мәселелері талқыланды.
Өткізілген іс-шара жастар арасындағы достық байланысты нығайтуға, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімі мен патриоттық рухын қалыптастыруға ықпал етті.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне және қатысушыларға жылы қабылдау көрсеткені үшін Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігіне, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, мәдениет үйінің ұжымына, AMANAT партиясының өкілдеріне және барлық ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сондай-ақ сапарды ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетіп, көлікпен қамтамасыз еткен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басшылығына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Осындай мазмұнды әрі рухани маңызы зор іс-шаралар алдағы уақытта да мәдени байланыстарды нығайтуға, жастардың дамуына және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қоса береді деп сенеміз.