ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұртқа жақын полиция» атты Жолдауында полицияның атқаратын қызметі мен рөлін айқындап берді. Осыған байланысты сауалнама жүргізген болатынбыз, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.
Еркінбек Мырзағалиев,
қала тұрғыны:
– Алматыда тұрғаныма 30 жылдан асты. Біз 1991 былай қарайғы тоқырауды бастан өткердік. Заң, закон жоқ қиын кездер еді. Жоқ дегенім – әлі қалыпқа түсе қоймаған уақытты айтқаным ғой. Ешкім ешкімді елемеді. Жұмыс тоқтап, базар жағаладық. Ол заманда небір кісілер болатын. Қазір қалыпқа түсудеміз. Бұрынғыдай емес. Бәрі жақсы жағыннан өзгеруде. Тілерім - тыныштығымыз бұзылмасын!
Гүлден ХАЛЫҚ,
белсенді:
– Өткенде қалада жантүршігерлік оқиға болды. Әбден дегбіріміз қашты. Әлеуметтік желіде жарыса жазды. Қыз баланың ондай жағдайға ұшырауы жаға ұстаты. Көп өтпей, қаскөйді тапты. Сонда полицияға көңілім толды. Былай қарасаңыз, сынауға дайынбыз. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Сына, бірақ шын сына» депті. Осы бір нақылын үнемі жадыма серік етемін.
Нұрбек АЗАМАТҰЛЫ,
студент:
– Осы мереке мен үшін аса қастерлі. Бала күнімнен жақсы көрем. Әкем - отставкадағы полиция полковнигі. Жасымнан соған ұқсауды көздедім. Әсіресе, формасы адамға ерекше рух береді. Өзіңді нағыз ер-азамат сияқты тәрбиелейсіз. Оқуға түспестен бұрын 1 жыл әскери борышымды өтедім. Әскери самбодан жетістіктерім де бар. Биыл 3 курсты тәмамдадым. Бұйырса, тәртіп сақшысы боламын. Арманымды іске асыруға асықпын. Мереке құтты болсын!
Дана НҰРХАНҚЫЗЫ,
кинотанушы:
– Шетелдің экшн жанрында полицияны керемет суреттейді. Яғни, ірі денелі, бойшаң, кең иықты, әбден жаттыққан. Адамдарды террорлық, қастық әрекеттерден құтқарады. Бұл - тұнып тұрған идеология. Осы тұрғыдан келгенде, Америка мен Ресей кинокартиналары мықты. Біздің елімізде де олардың имиджін көтеру керек. Құзырлы орган қызметкерлері жасай берсін! Мейрамдарыңызбен!
Жаһанда полициясының айбыны бойынша АҚШ, ҰлыБритания, Сингапур сынды елдер көш бастап тұр. Дәлірек айтсақ, сервистік, туристік, жедел полиция ұғымдары дамыған. Қазақстан Республикасы 1992 жылы өзінің полициясын құрды. Міне, содан бері халыққа қызмет етуде. Бейбіт күннің қорушыларына айналды.
23 маусым – төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Олжас ЖОЛДЫБАЙ