Алматыда 25 қазан – Республика күніне орай ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұлттық мереке қарсаңында шаһар көк байрақпен көмкеріліп, салтанатты жиындар, концерттер, патриоттық флешмобтар, ғылыми конференция мен экологиялық акциялар өтті.
Мерекенің маңызды сәттерінің бірі – мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі болды. Республика күні қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан түрлі салада еңбек етіп жүрген 89 алматылықты марапаттады.
23 қазанда Республика сарайында өткен салтанатты концертте Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Беспаев, Медеу Арынбаев және өзге де өнер жұлдыздары патриоттық әндер шырқады. Мерекелік кешке қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
25 қазанда «Медеу» биік таулы мұз айдынында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. 1 500-ден астам адам қатысқан салтанатты рәсім ел бірлігі мен егемендіктің айшықты көрінісіне айналды.
Ұлттық мерекеге орай жастар мен мектеп оқушылары да патриоттық флешмобтарға қатысты. Қазақстан-Британ техникалық университетінің алдында мың жас бас қосып, көк байрақты жайды. Ал Астана алаңында «Егемендік – Елдік бастауы» атты жастар флешмобы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Достық үйінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміздің егемендік тарихы мен тәуелсіздіктің маңызы талқыланды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Медеу аумағында сенбілік ұйымдастырылып, жастар туған жерге жанашырлығын іспен көрсетті.
Мерекелік көңіл күй Алматының барлық ауданын қамтыды. Қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктері ұлттық рәміздермен безендіріліп, концерттер мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар Абай алаңындағы кешкі концертпен жалғасты.
Осылайша, Алматы Республика күнін елдік рухты асқақтатқан, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған және қала тұрғындарын ортақ мереке төңірегіне біріктірген мазмұнды іс-шаралармен атап өтті.