Маман пікірі: сәби үшін ата-ананың орынсыз үрейі қандай жағдайда байқалады?

Маман пікірі: сәби үшін ата-ананың орынсыз үрейі қандай жағдайда байқалады? Сурет: ЖИ, Aqshamnews.kz.

Баланың өміріндегі алғашқы жыл - ата-ана үшін ең маңызды әрі мазасыз кезеңдердің бірі. Ата-ана атанған соң, жауапкершілік те артады, бала үшін көп нәрсе істейді, "бәрін дұрыс жасап жатырмын ба" деген уайым да қосылады. Кейде тіпті өзіне қатысы жоқ "жиі естілетін, айтылатын диагноздарды" баласының бойынан іздеуге бейім болады. Алайда шамадан тыс белсенділік пен қамқорлық кейде көмектесудің орнына, керісінше, зиян келтіруі мүмкін.

Кез келген адам ата-ана атанған сәттен барынша баласының денсаулығына, дамуына, бойындағы өзгерісіне, қылықтарына мән беруі заңды. Мамандар аналардың балаға келгенде шамадан тыс алаңдауы мен үрейленуі өздеріне кедергі екенін айтады. Бұл жағдайда дәрігерлер ата-аналардың баланың жағдайынан гөрі өз үрейін "емдеуге" тырысатынын айтады. 

Aqshamnews.kz тілшісі бұл жайында маманның пікірін білді.

Ақпараттың көптігі мен алаңдаушылық

15 жылға жуық еңбек өтілі бар дәрігер-педиатр, балалар инфекционисі Аягөз Әбдешова осы уақыт аралығында көп нәрсе жақсы жаққа өзгерді деп айтуға болатынына сенімді. Айтуынша, бұрын жас ата-аналар көбіне жеке тәжірибесіне (егер бар болса), анасы мен әжесінің, таныстарының кеңесіне сүйенетін.

Қазір интернет пен әлеуметтік желілер сапалы ақпарат көздеріне жол ашты. Ата-аналар дәрігер кеңесін тексеріп, қандай әдістер мен дәрілердің шынымен тиімді екенін, ал қайсысы маркетингтік тәсіл ғана екенін түсіне алады. Бұл - сөзсіз үлкен плюс.

Алайда ақпараттың тым көп болуы, оның үстіне бір-біріне қайшы әрі кейде сенімсіз мәліметтердің таралуы ата-аналардың мазасыздығын күшейтетіні тағы бар. Соның салдарынан олар шын мәнінде жоқ проблемаларды іздеп, баланың денсаулығына шамадан тыс алаңдай бастайды.

Сәбилер үшін норма саналатын жағдайлар

Педиатр ата-аналар арасында  ең жиі кездесетін жағдай - жай ғана бақылаудың орнына олардың бірден емдеуге кірісіп кететінін екенін айтады.

Осы күні ата-аналардың дәрі қобдишасы кейде баланың өзінен де жылдам "өсіп" жатқандай. Кей аналар қызуы жоқ қарапайым тұмаудың өзін тым "әсірелеп",  шұғыл емді қажет ететін диагнозға айналадырып алады. Көп жағдайда ата-аналар ЖРВИ кезінде де екінші пікір іздеп келеді және баласына міндетті түрде дәрі беруді талап етеді. Иммуномодулятор деп аталатын препараттарды да кеңінен қолдануға әуес.

Ал шын мәнінде, сәбилерде ауру емес, норма саналатын жағдайлар өте көп.

Физиологиялық тұмау, жиі кекіру, өмірінің алғашқы айларындағы іштің түйілуі - бұл ауру емес, ағзаның бейімделу кезеңдері.
Егер бала белсенді болса, жақсы емсе, салмақ қосып жатса - емдеудің қажеті жоқ. Алаңдауға тек жағдайы нашарлағанда: әлсіздік, тамақтан бас тарту, жоғары температура, тыныс алуының бұзылуы немесе салмақ жоғалту кезінде ғана негіз бар.

"Мәңгілік классика": қызып кету, іштің түюі және бөртпе

Қызып кету. Бала терлеп, мазасызданып тұрса да, үлкендер оны тоңып қалды деп ойлайды. Соның салдарынан теріде бөртпе пайда болады, бала нашар ұйықтайды, ал ата-аналар себепті  аллергия мен "әлсіз иммунитеттен" іздей бастайды. Қоспаны ауыстырады, түрлі ем іздейді.

Ал шын мәнінде, баланы жай ғана жеңіл киіндіріп, бір қабат киімін сыдырып қойса жеткілікті.
Сәбилерге көбіне жылы көрпе мен қалың киімге орап, қымтай бергеннен гөрі киімнің  бір қабатын кем кигізген дұрыс екен.

Жаңа туған нәрестелердің терісінің қызара бөртуі (физиологиялық акне) - тағы бір жиі кездесетін жағдай. Бетінде немесе маңдайында қызыл бөртпелердің пайда болуын анасына диета ұстаудың, қоспаны ауыстырудың немесе "бірдеңе дұрыс емес" деп ойлаудың қажеті жоқ.

Бұл - терінің қалыпты физиологиялық күйі. Ол өмірінің алғашқы 2-4 аптасында пайда болып, бірнеше аптадан үш айға дейін сақталуы мүмкін.

Іштің түйіп ауыруы мен іш өту/қатуға қатысты алаңдаушылық та жиі кездеседі.
Алғашқы айларда норма шегі өте кең. Негізгі бағдар - баланың жалпы жағдайы. Егер ол белсенді болса, жақсы тамақтанса (емсе), салмақ қосып жатса және өзін жақсы сезінсе - уайымдауға негіз жоқ.

Ата-аналар "іш қату" деп қабылдайтын жағдайлардың көпшілігі - сәби дисхезиясы. Бұл кезде бала күшенеді, қызарады, дыбыс шығарады, бірақ нәжісі жұмсақ болады.

Тек нәжіс қатты, ауырсынумен, қанмен немесе іштің қатты кебуімен қатар жүрсе, әрі бала салмақ қоспай, тамақтан бас тартса ғана алаңдауға негіз бар.

Иммунитет және "әлсіз ағза" туралы мифтер

"Әлсіз иммунитет" - ата-аналардың айтатын ең сүйікті диагнозы. Бала бір-екі рет ЖРВИ-мен ауырса болды, оған бірден осы таңба жапсырылады. Үйде шамдар, тамшылар, иммуномодуляторлар пайда болады.

Алайда иммунитет дәрімен "емделмейді". Ол уақыт өте келе, басқа балалармен байланыс арқылы басқа да вирустармен "ұшыраса" отырып, қалыптасады. Ең бастысы, иммунитет баланың бойында ересектердің сабырлы реакциясы арқылы қалыптасады.

Өмірінің бірінші жылындағы балаларға иммуномодуляторлар қажет емес. Көптеген препараттардың тиімділігі дәлелденбеген, олар инфекция жиілігін азайтпайды және иммунитетті күшейтпейді.

Иммунитет туралы шынымен ойлану қажет болатын жағдайлар: инфекциялар ауыр өтсе, асқынулар болса, жиі ауруханаға жатқызылса, салмақ қоспау, созылмалы диарея немесе саңырауқұлақ инфекциялары байқалса.

Ал асқынусыз өтетін жиі ЖРВИ - диагноз емес, норма.

Цитомегаловирусты қандай жағдайда емдеудің қажеті жоқ?

Кейінгі жылдары аналар жиі айтатын тағы бір "қорқыныш" - цитомегаловирус (ЦМВ). Бұрын ол туралы аз айтылса, қазір ол мазасыз ата-аналар үшін қорқынышты диагнозға айналды. Көбі талдау қорытындыларымен келіп, көрсеткіш болмаса да, баланы вирусқа қарсы ауыр препараттармен емдеуді талап етеді.

ЦМВ-ты анықтау оңай. Балалар оны ерте жаста сілекей, ойыншықтар, тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұқтырады. Денсаулығы жақсы сәбилерде ол көбіне симптомсыз өтеді.

Көбіне анықталатын IgG антиденелері - бұл баланың ауруы емес, анадан берілген қорғаныс антиденелері.

ЦМВ-ты тек туа біткен инфекция клиникалық белгілермен өтсе немесе иммун тапшылығы бар балаларда ғана емдеу қажет. Қалған жағдайларда оны емдеудің қажеті жоқ.

Вакцинацияны неге кейінге қалдыруға болмайды?

Кей ата-аналар екпеден аурудан да қатты қорқады. Бұл - ең өкінішті қателіктердің бірі.

"Ол әлі кішкентай, ағзасына ауырлық түседі" деген уәждерді жиі естіп жатамыз дейді дәрігер.

Нәтижесінде бала ең қажет кезінде қорғаныссыз қалады. Вакцинация үшін мінсіз уақыт болмайды. Әрқашан кейінге қалдыруға себеп табылады.

Сондықтан, маманның сөзінше, медициналық қарсы көрсетілім болмаса, екпені уақытында алған дұрыс.

Балалар дәрігерінің сөзінше, бір ғана қарапайым шындық бар: сәбиге көп дәрі, шексіз тексеру немесе стерильді орта қажет емес.

Бастысы, сабырлы, саналы ата-ана, уақытында салынған екпе қажет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:45

12:26

12:15

12:01

11:45

11:24

11:09

10:52

10:33

10:14

10:01

09:38

09:23

09:11

08:55

08:39

17:55

17:33

17:10

16:57

16:40

16:28

16:11

15:59

15:41