Бұған дейін мәслихат аппараттары мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы өскен
Елімізде 2022 жылдың 1 қаңтарынан мәслихат хатшыларының жалақылары өседі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Сіздердің барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының, тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық айлықақыларын көтеру туралы депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Жоғарыда көрсетілген лауазымдарға еңбекақы төлеу «Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646қбп қаулысымен реттеледі. Мемлекет басшысының мемлекеттік органдарда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында (2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі ЖҰЖ-ның 8-тармағы) 2021 жылғы 30 маусымда жоғарыда аталған қаулыға тиісті өзгерістер енгізілді (ҚР Үкіметінің № 451қбп қаулысы). Енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің, барлық деңгейдегі мәслихат аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінің, тексеру комиссияларының мемлекеттік қызметшілерінің, оның ішінде олардың төрағалары мен мүшелерінің лауазымдық айлықақылары 2021 жылғы 1 шілдеден бастап жоғарылады», - делінген Үкімет басшысының жауабында.
Сонымен қатар Асқар Маминнің жауабында аталған қаулыға сәйкес жалақы мөлшері лауазымдық айлықақы схемасына және лауазымдарды деңгейлер мен функционалдық блоктар бойынша бөлуге сәйкес белгіленетіндігі айтылады. Бұл ретте, лауазымдар функционалдық блоктарға бөлінеді, ал функционалдық блоктар міндеттерді іске асыру қағидаттарына, жауапкершілік деңгейіне және талап етілетін біліктілікке сүйене отырып, лауазымға тиесілікті көрсетеді.
«Барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының лауазымдық айлықақыларын көтеруге қатысты Мемлекет басшысы 2021 жылғы 8 қазандағы № 64-18.0 ПАБ-9 қарармен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мәслихат хатшыларының жалақыларын арттыру туралы Үкіметтің ұсынысын қолдағанын хабарлаймын. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың соңына дейін Үкімет мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді регламенттейтін жоғарыда аталған қаулыға тиісті түзетулер енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдайтын болады», - дейді Премьер-Министр жауабында.