Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы соңғы бес жылда жаңа жылда қалада 68 өрт тіркеліп, олардың біразы салют пен петарданы оңды-солды қолданғанын болғанын хабарлады.
Мамандар сол кісілер қарапайым ережені сақтағанда, қаншама оқыс оқиғаның алдын алуға болар еді дейді. Жаңа жылды фейерверксіз, салютсіз көзге елестету қиын. Алайда пиротехниканы нұсқамасыз қолданудың соңы күйікке шалдығып, жарақат алып, өрт шығуға алып келіп жатады. ТЖД деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында 68 өрт тіркелген, оның 10-ы пиротехникалық бұйымдарды қолданғаннан болыпты. Соңғы кездері осындай алдын алатын іс-шара жиілегендіктен мұндай оқиға едәуір азайған. Дегенмен, қауіп деген аяқ асты.
Мәселен, 2025 жылғы жаңа жыл түні пиротехникадан Шұғыла шағын ауданындағы жеке тұрғын үйдің шатыры өртеніп, шатырдың басым бөлігі жанып кеткен. Сонымен қатар өткен жылғы жаңа жыл мерекесі кезінде пиротехниканы абайсыз қолданғаннан 19 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 11-і – балалар болып шықты. Өрт пен жарақаттың алдын алу мақсатында Алматының Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Полиция департаментімен бірлесіп 2025 жылғы 5 желтоқсаннан 2026 жылғы 3 қаңтарға дейін «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шара жүзеге аса бастады. Ол қауіпті әрі заңсыз айналымдағы өнімдерді анықтап, олардың жолын кесуге бағытталған. Бүгінге дейін 69 бірлескен рейд жүргізіліп, рұқсаты жоқ 500 келі пиротехника тәркіленіп, 20-дан астам әкімшілік хаттама толтырылды. Тұрғындарға салют пен фейерверктерді қалай дұрыс қолдану керектігін баяндайтын 900 ақпараттық материал да таратылды.
Биылғы 9 желтоқсанда «Бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні» акциясы аясында «Атамекен» ҰКП базасында қаладағы үлкен базарлар мен сауда-ойын-сауық орталығының өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, оларды бұзғаны үшін қай-қайсысы болсын жауапқа тартылатыны ескертілді. Пиротехникалық бұйымдарды сататындармен де 150 рет кездесіп, оларға сақтау мен пайдалану ережесін түсіндіріп берді. Кең ауқымды түсіндіру жұмыстары қала тұрғындарын да қамтиды. Медиабордтарда, сауда үйлерінің, емханалардың және ХҚКО-лардың LED-экрандарында ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр.
Мектеп пен балабақшада жаңа жыл кезінде балалардың қауіпсіздігіне арналған сынып сағаттары мен сабақтар ұйымдастырылған. Құтқарушылар пиротехниканы арнаулы дүкеннен ғана сатып алып, қаптамасының бүтіндігін, жарамдылық мерзімін жақсылап тексеру керектігін айтады. Бұйымдарды жылу мен ылғал көзінен алыс жерде сақтау қажет. Іске қосар кезде 16 жасқа толмаған балалардың қолына ұстатпай, бұйымға еңкеюге, қатты желде қолдануға, фейерверктерді адамдар мен жануарларға қарай бағыттап, іске қосылмай қалған құрылғыны қайта тұтатуға тыйым салынады.
Тұрғын үйлерден 50 метрдей алыстау жерде ату керек, айналасында ағаш, электр желілері мен басқа кедергілер болмауы керек. Жаңажылдық шыршаларды орнату мен безендіру кезіндегі өрт қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Шыршалар орнықты болып, шығатын жолдарды бөгемей, қабырғалар мен төбеден кемінде бір метр қашықтықта орналасуы тиіс. Шамдар мен гирляндаларды қолданғанда электр желісіне түсетін жүктемені ескеру керек, ақау шықса бірден ажырату қажет. Қоғамдық орындарда жаңажылдық іс-шаралар өткізу кезінде кемінде екі эвакуациялық шығу жолы бар, есіктері ашық тұрған ғимараттарды ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Үй-жайлар өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етіліп, жауапты тұлғалар өртке қарсы нұсқамадан өтуі тиіс. Терезесінде темір торы бар ғимараттарда жаңажылдық іс-шара өткізуге, қойылым кезінде жарықты толық өшіруге, қолдан жасалған гирляндалар мен қауіпті электр қондырғыларын пайдалануға тыйым салынады. ТЖД өкілдері осы ережелерді сақтау мерекелік көңіл-күйді ғана емес, денсаулықты, кейде тіпті адам өмірін де сақтауға сеп болатынын атап өтті.