Белгілі мәдениеттанушы әрі қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай халқымыздың көп ғасырлық мәдени және рухани тәжірибесімен тығыз байланысты "жеті шелпек" ұғымына қатысты сұраққа ғылыми-этнографиялық тұрғыдан жауап берді. Бұл туралы Aqshamnews.kz сайты хабарлайды.
Зира Наурызбайға әлеуметтік желі қолданушысы: «Жеті шелпек — исламға қайшы ма?» деген сұрақ қойған. Зерттеуші бұл ұғымның діни емес, этнографиялық тамырын тереңнен қозғап, оған қатысты нақты тарихи деректерді алға тартты. Оның айтуынша, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы этнографиялық еңбектерде «жеті шелпек» туралы ешқандай мәлімет кездеспейді. Бұл — оның кейінірек, әсіресе отырықшы өмір салты мен ашаршылық кезеңінде пайда болған дәстүр болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеуші Зира Наурызбай мен тарихшы Джулия Ганидің пікірінше, бастапқыда халқымызда «иіс шығару» ырымы болған. Яғни, жеті тілім құйрық майды табаға салып қыздыру арқылы иіс таратып, әруақтарға арнап шырақ жағу салты орындалған. Бұл — халқымыздың әруаққа тағзым етудің ерекше тәсілі еді.
Алайда ашаршылық жылдары мен одан кейінгі кезеңде құйрық майдың тапшылығы мен ысырап болмауы үшін осы ғұрыптың баламасы ретінде жеті шелпек пісіру пайда болған деген болжам бар. Жеті шелпек пісіріп, таратуды халық садақа ретінде қабылдаған.
Зира Наурызбай жеті шелпек ғұрпының негізінде иіс арқылы рухпен байланысу сенімі жатқанын айтады. Әруақтар иісті сезеді, сол иіспен «қоректенеді» деген наным тек қазақ халқында ғана емес, әлемдік этностарда да кездеседі. Мәселен, орыстарда «русский дух», қазақтарда «иісі қазақ» деген тіркестер — рух пен иістің өзара байланысын меңзейді.
Осы тұрғыдан қарасақ, жеті шелпек — жеті дөңгелек нан, ол күн мен аспанды бейнелейтін нышан. Зерттеуші бұл нанымның исламмен де байланысы барын атап өтті. Өйткені Құранда кездесетін «жеті қат аспан» ұғымы мен шелпектің саны арасында астарлы байланыс болуы мүмкін.
Қазір қоғамда "шелпек — исламға жат, бұл ширк" деген пікірлер жиі тарауда. Зира Наурызбай мұндай көзқарастардың тарихи шындыққа қайшы екенін айтады. Оның пікірінше, ислам діні әр елдің тарихи-мәдени болмысына сай әрқалай қалыптасты. Мысалы, қазақтың исламы, малайзиялық ислам не үнді мұсылмандығы — бәрі өз мәдениетінің негізінде дамыған. Бұл — дінді жергілікті дәстүрлермен синтездеп қабылдау нәтижесінде қалыптасқан үрдіс.
Осы себепті қазақ қоғамында дәстүрлі ислам мен қазақы руханият өзара тоғысып, біртұтас сенім жүйесін құрады. Сол себепті араб елдеріндегі діни қағидаларды сол күйінде көшіріп алып, дәстүрлі сенімдерімізді жоққа шығару — үлкен қателік, дейді ғалым.
Зира Наурызбай бұл тақырып бойынша 25 жыл бұрын арнайы ғылыми-зерттеу жұмысын жазғанын, онда жеті шелпектің пайда болу уақыты, функциясы және рухани мағынасы жан-жақты қарастырылғанын айтты. Бұл зерттеу отандық этнография мен мифология ғылымында маңызды еңбек ретінде танылған.
Зира Наурызбайдың жеті шелпекке қатысты пікірі — дәстүр мен діннің өзара байланысын ғылыми тұрғыда түсіндірудің жарқын үлгісі. Жеті шелпек — жай ғана діни рәсім емес, ол қазақ халқының рухани-мәдени кодын айқындайтын терең наным. Сондықтан оны исламға қарсы немесе «ширк» деп қабылдаудың өзі – тарихи және мәдени контекстен тыс пайымдау болып табылады.