Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматыдағы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек осылай деп мәлімдеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бірінші тоқсанда ғана Қазақстанға шамамен 2,8 миллион адам кіріпті. Шетелдіктердің біраз бөлігі Алматыға келген. Соған қарамастан, қаладағы көші-қон мәселесін бақылауда ұстап отырмыз. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматыдағы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Алматы туристер мен еңбек мигранттары үшін тартымды орталықтың бірі болып қала бермек. Біраз елге визасыз режим жасалып, кіріп-шығу жағы жеңілдеп, уақытша тұру үшін құжат рәсімдеп әуре болудың қажет болмай қалғаны да келіп жатқандардың санының артуына ықпал еткен.
«Алматы қазір үлкен экономикалық орталық қана емес, басты туристік бағыттың бірі де. Сондықтан көбі осында келеді», — дейді Салтанат Әзірбек.
Қазір қалада 72 мыңнан астам шетел азаматы көші-қон есебінде тұрса, олардың 54 мыңнан астамы — іргелес елдердің азаматы екен. Келетіндер көбейгендіктен полицияға да бақылауды күшейтуге тура келіп жатыр.
Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 4,3 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 92 жұмыс беруші де бірге жазаланды. Сот шешімімен 741 адам елден шығарылып, құжаты жоқ 959 адам жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылыпты.
«Көші-қонның өсуі құқық қорғау органдарынан жүйелі жұмысты талап етеді. Біз заң талабының сақталуын бақылауда ұстап, құқық бұзушылықтың алдын алып жатырмыз. Бұл ретте шетел азаматтарына да, оларды қабылдаушы тарапқа да ерекше назар аударылады», — деп сөзін толықтырды спикер.
Сонымен қатар, шетел азаматтарын қабылдау ережесін бұзған 845 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Полиция жатақхана, хостелдер мен келушілер тұратын басқа да орындарды тұрақты түрде тексеріп отырады.
Мекеме өкілдері бақылаумен қатар, заң талабын сақтайтын шетел азаматтарына қолайлы жағдай жасау керектігін де айтты. Қалада «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін полицияның қызмет бөлімдері мен көші-қон қызметінің орталықтары да жұмыс істейтінін атап өту керек.
«Біздің міндетіміз бақылау жүргізу ғана емес, сонымен қатар шетел азаматтары үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау. Қаланың әр ауданында барлық қызмет түрін алуға болатын бөлімшелер бар. Бұл кез келген рәсімді жеңілдетіп, түсінікті етуге мүмкіндік береді», — деп қосты Әзірбек.
Полиция өкілі Алматыдағы көші-қонды бақылап отырғандарын айтты.