Almaty Hub алаңында халықаралық кәсіпкер және инвестор, Waze және Moovit негізін қалаушы Ури Левиннің қатысуымен екі күндік Building Unicorns воркшобы басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның сапары GITEX аясында өтуде - бұл әлемнің көптеген елдерінен стартаптарды, корпорацияларды, инвесторларды және сарапшыларды біріктіретін ірі технологиялық платформа.
Almaty Hub қаладағы стартап-экожүйені дамытудағы негізгі алаңдардың бірі. Мұнда технологиялық жобалар қалыптасып, дамиды, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен білім беру және акселерациялық бағдарламалар өткізіледі.
Ури Левин — миллиондаған пайдаланушысы бар жаһандық өнімдерді құрастырған кәсіпкер және инвестор. Ол негізін қалаған Waze навигациялық сервисін Google компаниясы 1,3 млрд долларға сатып алып, оны жаһандық карта және навигация экожүйесіне енгізді. Moovit көлік қосымшасы Intel компаниясына $1 млрд-қа сатылып, smart city және мобильділік шешімдеріне енгізілді. Бүгінде Левин технологиялық компанияларға инвестиция салып, халықаралық нарыққа шығатын командалармен жұмыс істейді.
5 мамыр күні Almaty Hub-та ерте кезеңдегі (early-stage) стартаптарға арналған ашық сессия өтті. Ол кәсіпкерлерді өнімді іске қосу және дамыту бағытында біріктірді. Воркшоп барысында қатысушылар идеядан өнімге өту, бизнес-модель құру қағидалары және стартаптың бастапқы кезеңіндегі негізгі қателіктерді талқылады.
«Стартап-экожүйе қатысушылары үшін «бірегей» стартаптар құруға арналған екі күндік воркшоп өткізуге қуаныштымын. Компанияларды дамытудағы тәжірибем жобалардың табысқа жету мүмкіндігін арттыруға көмектеседі. Воркшоп аясында біз мәселені валидациялау, пайдаланушыларды түсіну, product-market fit табу, инвестиция тарту, мықты команда құру сынды тақырыптарды қарастырамыз. Сондай-ақ, әр стартаптың өсу кезеңіндегі негізгі сын-қатерлеріне ерекше назар аударамыз», — деді Ури Левин.
6 мамыр күні жабық форматта өсу кезеңіндегі (growth-stage) 15 стартаптың қатысуымен сессия өтеді. Іс-шара бизнес ауқымдау, стратегиялық шешімдер қабылдау және халықаралық нарықтарға шығу мәселелеріне арналған.
Сессия барысында әр жобаға практикалық талдау жүргізіледі. Стартаптар шешетін мәселесі мен мақсатты аудиториясы, ұсынылатын шешім, даму көрсеткіштері (клиенттер саны, өсу динамикасы, ауқымдау қарқыны), сондай-ақ операциялық процестер мен жұмыс ұйымдастыру тәсілдері сынды бизнесінің негізгі элементтерін қысқаша таныстырады.
Сессияның негізгі мақсаты - әр стартаптың қазіргі даму кезеңіндегі басты мәселесін анықтап, соған терең талдау жасау. Формат презентация емес, нақты кейстерді сараптамалық талқылауға негізделген.
Ури Левиннің қатысуымен өткен бұл воркшоп өңірлік стартап-экожүйенің жаһандық технологиялық күн тәртібіне интеграциясын күшейтіп, кәсіпкерлерге халықаралық деңгейде компания құру мен дамыту тәжірибесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.