Алматыда 7 және 9 мамыр мерекелері кең көлемде тойланады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда мамыр айының айтулы мерекелері – Отан қорғаушылар күні (7 мамыр) және Жеңіс күніне (9 мамыр) арналған салтанатты, мәдени және патриоттық іс-шаралар өтеді. Қалада ресми рәсімдерді, концерттер мен көрмелерді, тақырыптық кездесулер мен кино көрсетілімдерін, сондай-ақ еске алу акцияларын қамтитын ауқымды бағдарламалар жоспарланған.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
Негізгі іс-шаралар
Сағат 09:00-де Отан қорғаушылар күніне орай «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде қала басшылығының, күштік құрылымдар мен әскери қызметшілердің қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсімі өтеді.
Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздары мен өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама басталады. Концертте Роза Рымбаева, Талғат Күзембаев, Мақсат Рахмет, Серікбол Сайлаубек, Қазыбек Әдікеев, Дәурен Байбөрі сияқты өнер майталмандары, сондай-ақ «Алатау серілері», «КешYOU», «Muzart Life», «Алашұлы» және «Арғымақ» топтары, Алматы өңірлік гарнизонының артистері өнер көрсетеді.
Сонымен қатар, құқық қорғау және қорғаныс органдарының аумақтарында, сондай-ақ басқа да ескерткіштер мен стелалардың жанында Даңқ мемориалына және қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне орнатылған монументтерге гүл қою рәсімдері өтеді.
Мерекелік бағдарлама аясында қалада концерттер, қайырымдылық акциялары, челлендждер, байқаулар, театрландырылған қойылымдар, әдеби кештер мен тақырыптық сынып сағаттары жоспарланған.
6 мамыр:
Д. Қонаев музейінде «Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі» атты танымдық сабақ және экскурсия.
Alatau Creative Hub орталығында «Отан қорғау – парыз, мақтаныш, абырой» атты патриоттық сағат.
Наурызбай ауданының комьюнити орталығында (Жүнісов көш., 4/2а) «Батырға хат» акциясы.
Медеу ауданының комьюнити орталығында (Халилуллин көш., 140/5) аудан жастарының Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның өкілдерімен «Ерлік сабағы» атты кәсіби бағдар беру кездесу-сұхбаты.
Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі тәрбиеленушілерінің қатысуымен (Пятницкий көш., 100) «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты мерекелік іс-шара.
Сағат 15:00-де Қалалық жиын пунктінде (Беринг көш., 31) салтанатты іс-шара өтеді. Бағдарламада өнерпаздардың қатысуымен концерт, сондай-ақ Наурызбай ауданы әскерге шақырылушыларын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылады. Әскерге аттанушылар мен олардың ата-аналары үшін арнайы кездесу өткізіледі.
7 мамыр:
«Almaty Gallery» галереясында (Достық даңғылы, 44) Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған суретші-мүсінші, дизайнер және фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлының «Изобразительный мир» атты жеке шығармашылық көрмесі салтанатты түрде ашылады.
Алатау ауданының комьюнити орталығында «Батырларға тағзым» атты патриоттық сынып сағаты.
Медеу ауданының комьюнити орталығында балаларға арналған мерекелік ашық хаттар дайындау бойынша «Қорғаушыға сыйлық» шебердің дәрісі.
Наурызбай ауданының комьюнити орталығында «Ерлік – елге мұра» атты патриоттық кездесу.
«Кино-марафон»: Жетісу ауданының комьюнити орталығында және амфитеатрда (Шұғыла ш/а., 347) патриоттық тақырыпта отандық көркем фильмдердің ашық аспан астындағы көрсетілімі.
MEGA Park аумағында 600 адамның қатысуымен өтетін «Ел қорғаны – ерлер» атты ірі патриоттық іс-шара.
9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні, негізгі іс-шаралар
Сағат 09:30-да 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалына гүл қою рәсімі өтеді.
Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт басталады.
Сондай-ақ, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін дала асханасы ұйымдастырылып, мерекелік түскі ас беріледі.
9 мамыр күні негізгі концерттен бөлек, қаланың әр ауданында мерекелік бағдарламалар өтеді:
Алмалы ауданы – А. Иманов атындағы сквер.
Алатау ауданы – Атлетикалық ауыл (Нұркент, 5).
Әуезов ауданы – «Family Park» демалыс саябағы.
Жетісу ауданы – Әл-Фараби атындағы сквер (Айнабұлақ ы.а.)
Түрксіб ауданы – С. Сейфуллин атындағы саябақ.
Наурызбай ауданы (8 мамыр) – №187 мектеп-гимназия (С. Жандосов көш., 2).
Сағат 19:00-де амфитеатрда (Шұғыла ш/а., 347) Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың ерлігіне арналған отандық фильмдердің «Кино-марафоны» өтеді.
6 мамыр:
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында (Сейфуллин даңғылы, 597) «Желбірейді Жеңіс туы» атты әдеби-музыкалық кеш.
«Қамқор» әлеуметтік үйінде (Тілендиев көш., 256/1) «Жеңіс күні – еске алу және даңқ күні» атты концерт.
А. П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада (Гоголь көш., 109) «Мәңгі өшпес ерлік – Ұлы Жеңіс» атты патриоттық кеш.
«Almaty Gallery» галереясында (Достық даңғылы, 44) белгілі фотограф Валерий Коренчуктің «Жеңіс жады» атты көрмесі.
8 мамыр:
Д. Қонаев музейінде «Ұлы Жеңіс қаһармандары» атты фотокөрме.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Ән – Жеңістің серігі» атты музыкалық кеш.
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында соғыс жылдарының ауыртпалығын баяндайтын белгілі жазушы Ш. Айтматовтың шығармасы бойынша сахналанған «АНА-ЖЕР АНА» спектаклі.