Қала күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы мегаполистің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, болашағы зор жастарға арналған «Business Day Almaty» практикалық семинарын өткізді.
Екі күн бойы кең аудитория алдында сөз сөйлеуде бай тәжірибесі бар бизнес-тренерлер, коучтер және кәсіпкерлер студенттерге бизнес-үлгілерді құрудағы ең соңғы үрдістер туралы айтып берді. СММ-стратегияны құруда және мақсатты аудиторияны айқындауда жұмыс істейтін құралдармен бөлісті. «Amazon, Ebay және Etsy» әлемдік алаңдарында сатудың негізгі қағидаттарын атап өтті, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің негізгі қателіктерін талдады, тыңдаушылардың өзекті сұрақтарына жауап берді.
«Бүгінде қазақстандық білім мен ғылымның алдында ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткендей, қазіргі жастардың «Жаңа ағымдарды ұстанып қана қоймай, бір қадам алда болуы, трендтер қалыптастыруы маңызды». Бұл тұрғыда сіздерде, алдыңғы буындарға қарағанда, әлдеқайда үлкен артықшылықтар бар. Мысалы, қазірдің өзінде сіз «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында байқауға қатысып, 2 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін грант ұтып ала аласыз. Қателіктерден қорықпаңыз! Өсу үшін жаңа мүмкіндіктерді іздеңіз, байқап көріңіз және жасаңыз, сонда сіз міндетті түрде табысты ұрпаққа айналасыз», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өзінің құттықтау сөзінде.
Оның айтуынша, биыл Алматыда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 512,9 млн. теңгеге 162 жоба, оның ішінде 186,4 млн. теңгеге инновациялық 56 жоба грант алған.
Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықовтың айтуынша, «ALMATY Business-2025» кәсіпкерлікті дамыту өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы кәсіпкерлер мен бизнес бастамасы бар тұлғалар үшін онлайн және офлайн форматтарда тегін оқыту жүргізетінін атап өтті. Ол үшін edu.qoldaý.kz интерактивті оқыту платформасы құрылды. Онда тіркеуден өту кезінде курстарға («Qoldaý Start», «Qoldaý Sуstem» салалық курстарына және «Qoldaý Profi» тереңдетілген курстарына), сондай-ақ оқыту бейнероликтеріне, түрлі бизнес-процестер бойынша дағдыларды пысықтауға арналған симуляцияларға, көптеген оқу материалдарына рұқсат беріледі.
«Бүгінгі таңда «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығында 11 мыңнан астам тыңдаушы білім алды. Жақын арада орталық «Жастар кәсіпкерлігі» атты жаңа бағытты іске қосады. Ол оқытудың практикаға бағытталған сипатына ие. Оның қорытындысы бойынша, студенттерде толыққанды бизнес-модель және болашақ өнімнің прототипін түсіну қалыптасады деген сенім бар. Сіздер кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шаралары, халықты жұмыспен қамту орталығының бағдарламалары және бизнес-идеяларыңызды іске асыру мүмкіндіктері туралы біле аласыздар», – деді Қ.Сағындықов.