ҚазҰУ медицина факультетінің доценті Сәкен Жұматұлы мен ҚазҰУ медицина факультетінің аға оқытушысы, кардиохирург, эпидемиолог Әлібек Мереке Айгерім Есімханның «AI ғылым» бағдарламасында сұқбат берді. Бағдарламаның жаңа шығарылымында мамандар жасанды интеллекттің медицина саласындағы қолданылуы, оның мүмкіндіктері мен қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Бағдарлама қонағы Сәкен Жұматұлы жасанды интеллекттің бүгінгі күннің жаңалығы емес екенін, оның түп-тамыры бұрынғы кибернетикада жатқанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда кибернетика жаңа деңгейде дамып, «қолданыс аясы кең, пайдалы және болашағы зор» жасанды интеллект деп аталатын құралға айналды.
Маман ЖИ-дің диагностикадағы артықшылығын түсіндірді. Оның сөзінше, компьютерлік томография нәтижелерін талдау кезінде ЖИ дәрігерге үлкен көмек көрсете алады. Кей жағдайларда адамның көзі байқай алмайтын ұсақ кескіндер болады. Ал жасанды интеллект кескінді жеті жүз есе үлкейтіп, көзге көрінбейтін өзгерістерді дәл анықтай алады.
«Адам көзі көрмейтін нәрсені жасанды интеллект анық көре алады», – дейді ол.
Медицинада жасанды интеллекттің қолданылуы кеңейіп келеді
Әлібек Мерекенің айтуынша, жасанды интеллект технологиялары қазіргі таңда Қазақстан медицинасына ғана емес, әлемдік денсаулық сақтау жүйесіне де белсенді еніп жатыр.
«АҚШ-та дәрілер мен тағам қауіпсіздігін бақылайтын орталықтың статистикасы бойынша, 800-ге жуық жаңа технология жасанды интеллекттің негізінде сертификаттаудан өтіп, клиникаларға енгізілген», – дейді ол.
Маманның айтуынша, жасанды интеллекттің басым бөлігі радиология саласында қолданылып жатыр. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр ауруларының даму қаупін болжау алгоритмдері белсенді дамып жатқанын атап өтті.
«Жасанды интеллект Мексикада жатырішілік ұрықтандыру технологияларында да қолданылып жүр. Ал хирургия саласында АҚШ, Еуропа және Жапония клиникаларында роботтар жасанды интеллекттің көмегімен ота жасап жатыр», – деді Әлібек Мереке
Ол отандық тәжірибеден де мысал келтірді. Оның сөзінше, травматолог-ортопед Сабит Мақанов «сталкер» деп аталатын арнайы құрылғы арқылы буынға операция жасайды. Бұл әдістің жақсы нәтижелері жақында өткен медициналық конференцияда көрсетілген.
Қазақстанда қандай ЖИ технологиялары сынақтан өтіп жатыр?
Әлібек Мереке жасанды интеллект жаңа технология болғандықтан, оны денсаулық сақтау жүйесіне енгізу бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Оның айтуынша, әзірлеме алдымен даму кезеңінен өтеді, кейін тіркеледі. Содан соң клиникалық, экономикалық және әлеуметтік сараптамадан өткізілетін көпсатылы тексеріс басталады. Тек халыққа шынайы пайдасы дәлелденгеннен кейін ғана технологияны қолдануға рұқсат беріледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген қырыққа жуық технология пилоттық режимде тестіленіп жатыр. Солардың бірі – жасанды интеллект терапевті. Оған науқастар тікелей сұрақ қоя алады. Бұл жүйе 30 клиникада сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар инсульт, миға қан құйылу және басқа да неврологиялық жағдайларды анықтауға және диагноз қоюға бағытталған жасанды интеллект стартаптары бар. Қазіргі таңда бұл жүйелер 17 клиникада тесттен өтті. Денсаулық сақтау министрлігі әрі қарай да бірнеше сатылы сараптама кезеңінен өткізеді.
«Егер сынақ нәтижелері оң болса, технология клиникаларға кеңінен таралады деп үміттеніп отырмыз», – деді маман.
Операция жасау барысында жасанды интеллект тікелей көмектескен жағдайлар болды ма?
Әлемдік тәжірибеде жасанды интеллект операцияға дейінгі, операция барысындағы және кейінгі кезеңдерде қолданылып келеді. Бұл туралы Әлібек Мереке егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оның айтуынша, томография мен МРТ кескіндерін талдау кезінде ЖИ дерттің нақты орналасқан жерін, зақым көлемін және тіндердің жағдайын анықтап бере алады. Танымдық жүктеме көп болған кезде адам қателесуі мүмкін, ал жасанды интеллект бұл кемшіліктің орнын толтыра алады.
Сабит Мақановтың тәжірибесіне сүйене отырып, маман ЖИ буынға ота жасау кезінде қандай тінді кесу, қандай қимыл жасау керектігін көрсетіп, бағыттап отыратынын айтты. Сонымен қатар ота жасау барысында дәрігердің қолы дірілдейтін жағдайларда робот-хирургтардың көмегі аса тиімді. Өйткені ЖИ роботтардың нақты аймақтан шығып кетпеуін, басқа ағзаға зиян тимеуін бақылайды, роботтың дәлдігін сақтауға көмектеседі.
ЖИ қолдану пациент деректерінің құпиялығына әсер ете ме?
Бағдарламада пациент деректерінің құпиялығы туралы да сөз қозғалды. Әлібек Мереке медициналық деректермен жұмыс жасаған кезде құпиялық бойынша мәселелер туындайтынын айтты. Өйткені медицина саласында деректердің ауқымы өте үлкен. Оның айтуынша, Қазақстанда тек медициналық мәліметтердің өзі 500 терабайтқа жетеді.
«Пациент дерегі қорғалуы үшін, алдымен медицина қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Деректермен жұмыс істейтін мамандар құпия сөздерді дұрыс қолданып, ақпаратты әрдайым қорғалған құрылғыларда сақтауы керек», – дейді ол.
«Денсаулық сақтау министрлігіндегі сарапшылардың айтуынша, дәрігерлер созылмалы аурумен ауыратын жасөспірімнің медициналық деректерін арнайы алгоритмдерге енгізген. Сол бойынша жасанды интеллект оған емдеу туралы ұсыныстар берген және ол науқастың жағдайын жақсартуға көмектесті. Мен бұл жағдайды әлеуметтік желіден көрдім», – деді Әлібек Мереке.
ЖИ мамандардың қатысуынсыз жаңа нәрсе ойлап таба алмайды.
Әлібек Мереке технологияны тиімді қолдану үшін оған дұрыс нұсқау берудің маңызын түсіндірді.
«Кей адамдар чат ЖПТ-ға сұрағын төтесінен қоя салады. Ал ЖИ адамның мақсатын сезбейді. Сондықтан сұрақ қойғанда нақты нұсқау беріп сұрау керек», – деді ол.
Мамандар ЖИ-дің дәрігер жұмысына пайдасы көп екенін, бірақ дәрігердің орнын баса алмайтынын айтты.
«Себебі ЖИ мамандардың қатысуынсыз жаңа нәрсе ойлап таба алмайды, тек адамдар берген қолжетімді ақпарат негізінде жұмыс істейді», – деді Сәкен Жұматұлы.
Сәкен Жұматұлы жасанды интеллекттің интернеттегі қолжетімді ақпаратқа сүйенетінін, интернетте жалған ақпарат болуы мүмкін екенін айтты. ЖИ пайдалы кеңес бере алған күннің өзінде, науқастың дәрігермен ақылдасып, ем қабылдағаны жөн екенін ескертті.