Алып шаһарымыз Алматыда климаттың өзгеру мәселесіне арналған арнайы семинар өтті. Іс-шара қоғамда қозғалып жүрген маңызды факторларға назар аудартты.
Семинар климаттың өзгеруі мен табиғи апаттардың салдарын болжауға көмектесетін жаңа технологиялық платформаны талқылауға арналды.
«Осы семинарда көрсеткен жаңа платформаның арқасында қызығушы адам «National Geographic» сайтына кіріп, кез келген қаладағы климаттың немесе су ресурстарының болашақта қалай өзгеретінін болжай алады. Соңғы үш күнде мектеп мұғалімдерін озық технологиялармен таныстыру мақсатында семинарлар өткізудеміз. Алматы облысының бірнеше өңірін араладық. Сондай-ақ, соңғы екі жыл бойы география ғылымын насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар, 7-8-сынып оқушылары арасында түрлі олимпиадалар өткізудеміз», – деді «National Geographic Kazakhstan» журналының өкілі Қанат Абашев.
Семинарда Қанат Абашев Алматы қаласына арнаған көрнекі презентациясын таныстырды. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, қатысушылар бірнеше онжылдықтарда климаттың қалай өзгеретінін көрді. Мысалы: 2070 жылға қарай Алматы қаласында жылыну факторы болады, қыста жауын-шашын көбейеді, ал жазда керісінше азаяды. Қаламызда жыл бойы 35 градустан асатын күндер саны да артады. Қазіргі уақытта олардың саны 6 күнге жуық болса, алдағы 50 жылда 50 күнге жетуі мүмкін.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда су ресурстары тапшылығының алдын алу және еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соған орай Су ресурстары және ирригация министрлігі көлік жууға кететін ауызсудың көлемін есептеп шығарған еді. Қазақстанда бір көлікті жууға 200–250 литр су, ал бір жүк көлігіне 500–700 литрге дейін су жұмсалады. Сонда жылына шамамен 100 миллион текше метр ауызсу кетеді.
«Шеврон» компаниясының қолдауымен өткен бұл семинардың климаттың өзгеру проблемасын шешуге пайдасын тигізетіні ақиқат. Сонымен қатар, онлайн платформа арқылы болашақта болатын климаттық өзгерістерге кез келген ел алдын ала жоспар құрып дайындала алады. Жаңа құралдар мен технологиялар табиғи қиындықтармен тиімді күресуге мүмкіндік берері анық.
«Ауызсу мәселесінің елімізде қарқынды қозғалып жатқанын байқап жүрміз. Біздің онлайн платформаның есептеуінше алматылық бір отбасының өзі тұрмыста 200–300 литрге жуық ішуге жарамды суды пайдаланады. Бұл дегеніміз үлкен ысырапшылдық. Яғни, ауызсуды күнделікті тұрмыста пайдалану болашақта оның тапшылығына алып келуі әбден мүмкін. Басқа мемлекеттерде суды өте тиімді пайланады. Біздің елдегідей кез келген жерге ішуге жарамды суды қолданбайды. Сол себепті, біз кез келген ғалымға ашық осы арнайы платформаны дайындадық. Бұл платформамен еліміздің қай өңірінде су тапшылығы болып, қалай өзгеретінін болжауға болады», - дейді «National Geographic Kazakhstan» журналының өкілі Қанат Абашев.