Қолөнер
Сәлима бүгінде жары екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр. Алматыдай алып мегаполис жас отбасын жатырқаған жоқ, бірден құшағына алды. Себебі, екеуі де «маған үкімет бірдеңе берсе» деп емес, «өз күнімізді өзіміз көрейік, жақсылыққа қарай қол созайық, сөйтіп бақытты болайық» деп келген болатын ауылдан. «Жанамын деген жүректерге от берген» Алматының сенімін ақтап жүрген секілді қазір.
Бәрін басынан айтайықшы.
Аңыз-әңгіме
Сәлима Серікқызы қарапайым, қазақы дәстүрді ұстанған отбасында, қазақы ауылда дүниеге келген. Анасы Нағиманың тігінге жақындығы бар. Іс тіккеннен қалған маталардың қиындыларынан Сәлиманың қуыршақтарына әдемі көйлектер, сүп-сүйкімді шалбарлар тігіп беретін. Бір қызығы, анасы дүкеннен алып келген көйлегін сол күйінде кие салмайтын, әйтеуір бір жерін қиып, қысқартып, қайта тігіп, басқа бірдеңелер жапсырып жүретіні есінде. Балабақшада, мектепте өтетін мерекелік іс-шараларда кішкентай Сәлима өзгеше киініп шығатын. Бірде чебурашка болып шықса, келесіде жарқырап күн болып тұратын. Ана қанымен дарыған қолөнер Сәлиманы ақыры осы кәсіпке алып келді.
– Әлі есімде. Бала күнімде әжеме кітаптардан аңыз-әңгімелер оқып беретінмін. Сондағы бір оқиға да әлі жадымда. Шағын ғана әңгіме кейіпкері Сәлима деген қыз күндердің күнінде алысқа ұзатылады. Анасы «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деп өсиетін, ұлағатын айта келе: «Үстіңе бір сабақ жіп болса да күніге іліп жүр, қызым!», – дейді. Арада жыл өтіп, анасы қызын сағынып, артынан барса, үсті-басы жіп-жіп, сабалақ болып қызы алдынан шығып тұр дейді. «Мынауың не, қызым?», – деп таңданған анасына: «Өзіңіз айтпап па едіңіз, күнде үстіңе бір сабақ жіп болса да іліп жүр деп», – дейді. Ал анасы «олпы-солпы болма, жан-жағыңды ұқыпты, киімдеріңді бүтін ұста, қолың бос болмасын, іс істеп, жыртығың болса да жамап жүр» дегенді меңзеген ғой. Сол айтқандай, әйел заты ретінде күніге бірдеңе тігуге тырысамын. Қолыма ине-жіп ұстамасам, отыра алмаймын, – деп күледі Сәлима.
Мөлдір моншақтар
Жоғары оқу орнында оқып жүргенде де тігінге аса қызықтым деп айта алмайды. Қалада әкесінің қарындасының қолында тұрып оқығасын, тігіншілікпен айналысқан сол кісіге сабақ арасында көмектесетіні бар-ды. Университетті «қызылға» бітірді. Қиындау кезең. Іскер бірнеше қыз ақылдасып, зерлеу цехына жұмысқа тұрады. Одан бірнеше сән салонында, перделер тігетін салонда да істейді. Соның бәрі Сәлимаға үлкен тәжірибе мектебі болды. Жұмыс істеп жүрген сән салонына пандемия кезінде тапсырыстар азайып, қызметкерлер ақысыз демалысқа кетті. Отағасының жалғыз қаражатына қарап отырғысы келмей, мектепке жұмысқа кірді. Төртінші ұлын босанып, қазір баламен үйде отыр. Сол баяғы әдетпен жәй отыра алмайды. Қолынан ине-жібі түспейді. Отағасын жұмысқа, балаларын сабаққа жіберіп, бөбегін ұйықтатып қойып, моншақтарын түзеді. Көбіне қол жұмысымен айналысады. Түрлі сапалы маталардан бантиктер тігіп, оның бетін майда моншақтармен көмкереді. Ободок, шаш қыстырғыштарға да орналастырылатын әрбір моншақтың, канительдің біркелкі, түзу орналасуына қатты мән береді. Балалардың мерекелік концерттерге тағуына болатын ою-өрнекті белдік те тігеді. Қолға алған жұмысын үлкен, кіші деп бөлмейді, бәрін де ықыласпен тігеді. Тігетін бұйымдарына кететін шикізаттар қымбат болса да, дайын өнімдерінен түсетін табыс асып-төгіліп жатпаса да, барына қанағат етеді. Ең бастысы – сүйетін, жүрегін тыныштыққа бөлейтін кәсібі бар.
Трендте – тақия
Осы бұйымдардың түр-түрі бір жылдары қара базарда толып тұрып еді-ау. Бәрі Қытайдікі болатын. Сапасыз, бір таққан соң келесі қолданысқа жарамай қалатын. Қазір өзіміздің қыз-келіншектер қолөнермен мықтап айналысып, нәтижесінде әлгіндей бұйымдар, әшекей заттар көптеп шыға бастады. Әрі сапалы. Тұтынушы да қазір қолөнерді жақсы бағалайтын деңгейге жеткен, сапасын да ажырата біледі.
Байқайсыз ба, қазір аруларымыз күнделікті өмірде де тақиялар кие бастады. Тақия трендте. Бұл қуанарлық жағдай. Үйде отырған Сәлимаға да «тақия тігіп берсеңіз» деген тапсырыстар түсе бастады. Қалаған өлшем, дизайнда жасап, тігіп береді. Енді белдігімен тігуге ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. Қыздар оның алтын қолынан шыққан тақиясын қуана-қуана, рахметін жаудыра киіп бара жатқанда, тағы да тіккісі келіп, одан асырып тігуге шабыттанып ала жөнелетіні бар. Иә, Алматы көшелерінде өнерді, өмірді, отбасын сүйетін Сәлиманың да тақияларын киіп жүрген бойжеткендер аз емес.
Төзім, сабыр және махаббат
Баламен отырған соң, бүгінде жанына көмекші алған. Оны да өзі үйреткен.
– Мінезі салмақты болмаса, көбі шыдай бермейді бұл кәсіпке. Уақытым болғанда онлайн-сабақ сұрағандарға шеберлік сыныбын өткізетінім бар. Сонда үйренемін деушілердің алдымен мінезіне, орнықтылығына көп қараймын. Перделер салонында шебер болып жұмыс істеп жүргенімде шәкірттерді өзім үйретіп, ішінен таңдап жұмысқа қалдыратынмын. Көздің майын сығып алатын бұл жұмыстарға аса талғампаздықпен бірге төзім, шыдам, табандылық және қолөнерге деген махаббат керек, – дейді Сәлима Есжанова.
Қолдаушылары – жары, туыстары. Олар Сәлиманың тәй-тәйлап енді бастаған кәсібі жүрсін деп, жақсы дүниелерді бір-біріне жарнамалап жүргені. Ал жұбайы Жасұлан – дайын өнімдерді тапсырыс берушіге жеткізуші. «Сенің қолыңнан бәрі келеді, ботам! Біз саған сенеміз», – деп, шалғайда жатқан ауылдағы қос анасы да сөз көмегін бергенде, шабытына шабыт қосылатыны бар.
Меніңше, ине-жіпке жақын кез келген әйел нәзік болып көрінетін секілді. Яғни кез келген қолөнер жұмысы әйелдің әйелдігін әрлей түсетін секілді ме, қалай. Сәлима қыз-келіншектерге өнері арқылы сұлулық сыйлағысы, оларға арнап әдемі көйлектер, белдемшелер тіккісі келеді. Бірақ оған әзірге қолында бар қарапайым тігін машинасы жарамайды. Ал жаздық көйлектерді тігуге міндетті түрде оверлог керек.
ТҮЙІН. Ол болашақта кәсібін кеңейтуді армандайды. Жеке кәсіп ашамын деп ниеттенгендерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген несиеге өтініш беріп, талаптанып көргісі келеді. Әзірге бөбегінің аяқтанғанын күтіп жүр. Үйде жылылық, береке-бірлік болса, бәріне де жетуге болады деп сенеді. Біз де оған сенеміз.